Былтырғы жылы InDrive көш басында болған облыстар саны қысқарып, жеті облыстан біреу ғана қалған. Бес облыста «Яндекс» бірінші орынға шығып кетті. Бұл сервис InDrive үшін басты сегмент болып тұрған – қалааралық сапарларды да қолға алып жатыр. Қазақстанда такси нарығы қалай жұмыс істейтіні жайлы «Курсив» материалынан таныс болыңыз.
Қазақстанда такси нарығының көлемі ұлғаюда. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың бес айында жолаушылар тасымалынан түскен табыс 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есе артқан. Ал тап осы уақыт ішінде тасымалданған жолаушылар саны төрт есе өскен.
ҰСБ мәліметтерінен жекелеген ойыншыларды ерекшелеп көрсету мүмкін емес. Дегенмен нарық қатысушыларының өздері де, сауалнама нәтижелері де өсіп келе жатқан нарықта ресейлік «Яндекс» агрегаторының позициясы нығайып келе жатқанын көрсетеді.
2024 жылдың маусымында United Research Technologies Group зерттеу компаниясы «Курсив» үшін Қазақстанның барлық өңірінен 1600 респондентті репрезентативті іріктеумен әлеуметтік сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (1281 адам) такси қызметін пайдаланатынын айтқан. Осы адамдардың жартысы – 51,3%-ы – күн сайын немесе аптасына бірнеше рет таксимен жүреді.
Тап осындай сауалнама 2023 жылдың сәуірінде (ол кезде 974 адам қатысқан) де жүргізілді. Ол кезде де, осы жолы да респонденттерге көбіне қандай такси сервисін пайдаланатыны жайлы сұрақ қойылған.
Екі зерттеуде де такси қызметін көрсететін компаниялар арасында «Яндекс» абсолютті көшбасшы атанды. Бір жыл ішінде компания өз үлесін арттырып үлгерген. Яғни 2023 жылы оның жалпы елдегі үлесі 48,6% болса, 2024 жылы 59,2%-ға дейін өскен. Ал екінші орынға жайғасқан InDrive компаниясы, керісінше, өз үлесін 23,9 %-дан 18,9%-ға дейін қысқартқан. Негізінен қысқаруға «Яндекстің» ірі қалаларда емес, елдің орталық өңірлерінде позициясын күшейтуі себеп болған.
Мәселен, 2023 жылы Абай, Атырау, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарынан сауалнамаға қатысқандар қала ішінде InDrive-ге жиі мінетінін айтқан болса, 2024 жылы осы өңірлерде көшбасшылық «Яндекске» бұйырған. Ал Ұлытау облысы Қарағандыда бастау алған қазақстандық Region компаниясының қызметін пайдаланатын болған. Сауалнама нәтижесі бойынша, бұл компания үшінші орынға орнықты. Компанияның елдегі үлесі 4,8 пайыздан 5,5%-ға артқан.
Aparu деп аталатын тағы бір отандық компания «өз өңірі» – ШҚО-да ешкімге дес бермей тұр. Былтырғы жылы компания Өскеменнен басқа Семей, Астана, Ақтөбе қалаларында істеп, Алматы нарығына шықпақ болды. Бүгінгі күні оңтүстік астанада Aparu қосымшасы бар, бірақ та «Курсив» тілшісі такси шақыра алмады.
Қалааралық тасымалдағы «тайталастық»
Өңірлерде үлесін арттырған «Яндекс» 2024 жылдың сәуірінде Қазақстанда жаңа бағыт – қалааралық тасымалдауды іске қосты. Ал отандық нарықтың бұл сегментінде InDrivе көшбасшы екені сөзсіз.
«InDrive бірнеше жыл қатарынан қалааралық сапарларды дамытып келеді. Сондықтан бұл сервис өңірлерде танымал болды. «Яндекс» болса тасымалдау көлемі үлкен және тапсырыс көп үлкен қалалардан бастады. «Яндекстің» бизнес-моделі қалада жүруге жақсы бейімделген, алайда ірі қалалардың қамтылу аумағы өскендіктен, ауқымды кеңейту қажет болды», – деді Қазақстан такси қызметтері республикалық қауымдастығының төрғасы Медет Құрманов.
Медет Құрмановтың айтуынша, «Яндекстің» қалааралық бағытқа жүре бастауы компанияның дамуы үшін дұрыс шешім болды. Себебі сервисті қолданушылар – ірі қалалардың тұрғындары – өңірлерге жиі барады. «Сервисті қолданушыларды өзінің экожүйесінде ұстап қалу үшін «Яндекске» жаңа өнім қажет болды. Жолаушылар тасымалының көлемі тұрғысынан алып қарағанда «Яндекске» өңірлік қалалар қызықты да болмауы мүмкін. Алайда компанияға қосымшаны қолданатындардан айырылып қалмас үшін қызметтің барлық түрін ұсыну керек болды. Сол себепті ақырындап өңірлерге шыға бастады», – дейді Құрманов.
Қалааралық тасымалдау – өте тиімді бағыт. Қазақстан такси қызметтері республикалық қауымдастығының мәліметі бойынша, InDrive-ді пайдаланушылар тек бір Қостанай мен Астана арасында 2022 жылы күн сайын 500 рет жол жүрген.
«Біздің дереккөздеріміздің мәліметтері бойынша, сол кезде сервиске қосылу үшін жүргізушілер 1000 теңге төлейтін. Яғни сервис бір бағыттың өзінен күн сайын жарты миллионға жуық теңге тауып отырған. Себебі бізде ұшақпен ұшу қымбат, пойызға билет бола бермейді, ал автобус қатынасы мүлдем жойылды десе болады. Сондықтан адамдар осындай сервистерді пайдаланады. Ал бұл дегеніңіз орасан зор тасымал мен үлкен ақша», – деп бөлісті Құрманов.
Сарапшы InDrive-ді бұл сегменттен тысқырып шығу «Яндекстің» қолынан келе қоймас деп ойлайды. Себебі «сары» жолақты таксилердің бизнес-моделі қала ішінде жүруге көбірек келеді. Ал InDrive-де баға белгілеу оңайырақ. «Курсив» тілшісі екі сервистің де қосымшасын салыстырып көрді. Адам көп жүретін бағыттарда баға айырмашылығы бар екені бірден көзге ұрады. Мысалы, Алматыдан Талдықорғанға жету үшін салондағы бір орын бағасы InDrive-де 5 мыңнан басталады. Ал «Яндексте» бұл бағытта бүкіл бір салон бағасы 12800 теңге ғана тұрады. Астана-Қарағанды бағытында да осындай жағдай. «Яндексте» жақын жерлерге бару үшін ғана бір орынды алып қоюға болады. Мысалы, Алматыдан Қонаев қаласына бару үшін бір жолаушы «қалааралық» тариф бойынша 2250 теңгеге орын табады. InDrive-де 2000 теңгеден басталады. Екі сервисте де бүкіл салонды алу бағасы 8 мың теңгеден басталады.
«InDrive-дің қалааралық тасымалда көшбасы екеніне сөз жоқ. Алайда бұл жерде үлкен компаниялар тарапынан бәсекелестік өсіп келе жатқанын байқаймыз. Сондықтан қазір қазақстандық нарыққа көбірек мән беретін боламыз. Қазақстан біз үшін басым нарықтар үздігі қатарында.. Барлық жаңа сервисті, пайдалы функцияларды ең бірінші осы жерде енгіземіз. Сосын барып қана оларды басқа нарықтарға шығарамыз», – дейді InDrive-дің ел аралық менеджері Арай Бекембаев,
Компанияның өз мәліметі бойынша, қазір сервис жаңа қалааралық бағыттарды қосқан. Енді сервисте ел бойынша 1300-ден астам бағдар бар.
«Яндекс» қалааралық бағытты игеріп жатқанда, InDrive өзінің қала ішіндегі сапарларын жарнамалап жатыр. Жарнама тек қосымшаны қолданушылар арасында ғана емес, сондай-ақ жүргізушілер арасында жүріп жатыр. Мысалы, жүргізушілер арасында «қала» режимі бойынша жүргені үшін көлік ойнатылады. Арай Бекембаев InDrive үшін Қазақстан қалаларында жолаушылар тасымалдау, қалааралық тасымал сияқты басым бағыт екенін айтады.
Шын мәнісінде, екі ірі ойыншы қазір «көрші» алаңына шықты.
«Біз әртүрлі елдерде жұмыс істейміз. Кей жерлерде бәсекелестік мықты нарықтарда ашылдық, кей жерлерде ірі ойыншылар бізден кейін келіп жатты. Кез келген жағдайда жұмыс істеп, дами аламыз. Бәсекелестік жақсы, ол қызмет көрсету, қолданушылар үшін сервистің қолжетімділігі, серіктестер үшін жағдай деңгейіне оң әсер етеді. Біздің басқа ойыншылардан негізгі ерекшелігіміз бен басты айырмашылығымыз – ол өзіміздің технологиямыз. Олар серіктестермен жұмыс істеудің үйреншікті тетіктерін оңтайландыруға және тапсырысты жылдам орындауға мүмкіндік береді», – деді «Яндекстегілер»
Таңдау жасаудағы ерекшеліктер
Ресейлік агрегаторлар өздерінің экожүйесін күшейтіп жатыр және бұл қазақстандықтардың таңдауына әсер ететіні анық. Олар отандық компаниялардан алыстай береді. «Такси таңдаған кезде қызмет көрсететін компанияның қазақстандық болуы таңдауыңызға әсер ете ме» деген сұраққа берілген жауаптарға қарап, такси таңдауда патриоттар санының аз екенін көруге болады.
2024 жылы жүргізілген зерттеуде такси қызметін көрсететін компания қазақстандық болса, соны таңдаймыз дегендер саны 38,4%. Алдыңғы сауалнамада 44,8% болған. Сонымен қатар зерттеу барысында компанияның қай елде тіркелгені бәрібір дегендер де көбейді. Бұған дейінгі зерттеуде 50,4% болса, осы жолы 55,2% болды. Жергілікті сервисті пайдалану керек дейтіндер қазақтілді қатысушылар арасында көп. Сондай-ақ осы жолғы зерттеуде адам компанияны жасына қарай таңдайтыны байқалды. Мысалы, жергілікті компанияны таңдайтын респонденттер 30 бен 44 жас аралығы арасында көп. Ал жастарға компанияның қай елде тіркелгені маңызды емес.
Сондай-ақ тұрақты қолданушылар саны да артып келеді. Респонденттердің 18,3%-ы (2023 жылғы 16,9%-бен салыстырғанда) нарықта мүлдем жаңа таксиге тапсырыс беру қызметі пайда болса да, үйренген таксиді пайдалануды жалғастырамыз деп жауап берді.
Жыл санап қосымша арқылы таксиге тапсырыс беретіндер де көбейді. 2024 жылы олар респонденттердің 63,1%-ын құрады (2023 жылғы 56,7%-бен салыстырғанда). Екінші көп қолданылатын тәсіл – телефон арқылы қоңырау шалу. Егер осының алдындағы зерттеуде әрбір төртінші респондент осы әдісті пайдаланса, қазіргі зерттеуде – әрбір бесінші қолданатыны белгілі болды. Сайт арқылы такси шақыратындар саны аз (қазір 2,1%, алдында 2,8%).
Екі сауалнаманың нәтижелері бойынша респонденттердің жасына байланысты такси шақыру әдістерін таңдауда анық және әбден қалыптасқан жағдай бар екенін көреміз. Респонденттер неғұрлым жас болса, қолданбаны пайдаланатындар үлесі соғұрлым жоғары болады.
«on demand бойынша және шеринг-сервистерді пайдалану үрдісі өсуде. Маңызды емес болғандықтан, такси шақырудың ескі әдістері жойылуда, өйткені пайдаланушылар жылдамдықты, жайлылықты және әділ бағаны қалайды. Сонымен қатар, цифрландыруға толығымен ден қойған және мобильді қосымшаларды белсенді пайдаланатын тұтынушылардың жаңа ұрпағы өсті», – деп түсіндірді Арай Бекембаев.
Екі бәсекелес компания – «Яндекс» пен InDrive-дің жұмыстарына қанағаттану деңгейіне талдау жүргізілді. Басқа такси қызметі болмағандықтан сауалнамаға қатысқан пайдаланушылардың жартысы ғана такси қызметіне толық қанағаттанған (InDrive клиенттерінің 53,5% және «Яндекс» клиенттерінің 48,3%-ы). «Яндекс» қолданушыларының 16,6%-ы және InDrive қолданушыларының 18,8%-ы такси жұмысына сын көзбен қарайды. Сауалнамаға қатысқан пайдаланушылардың қалған бөлігі бұл қызметтерге немқұрайлы қарайды.