Энергетика министрлігі Екібастұз қаласындағы МАЭС-1- де бірден 4 жылу блогының жұмысы тоқтағанын растады. Қазіргі кезде энергоблоктар қайтадан қосылып жатыр.
Технологиялық кідіріс салдарынан электр энергиясын өндіру 6,5 есе қысқарған. №2, 4, 8 энегоблоктар жұмыс істеп тұр.
«28 маусымда сағат 5.24-те «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-де технологиялық кідіріс орын алып, соның салдарынан №2, 3, 4, 7 энергоблоктары қуат өндіруді 2080 МВт-тан 320 МВт-қа дейін қысқартты. Қазіргі уақытта №2, 4, 8 энергоблок жұмыс істеп тұр. Қалған қондырғылар іске қосылып жатыр. Ядролық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті осы факті бойынша тексеруді бастады», – деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
«Екібастұз МАЭС-1» негізі 1996 жылы қаланған. Оның иесі – «Самұрық-Энерго» компаниясы. Ал бұл компанияны «Самұрық-Қазына» қоры арқылы мемлекет иеленеді.
«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі электр станциясы және әлемдегі ең ірі көмір электр станцияларының бірі. Оның қуаттылығы 3500 МВт, орнатылған қуаты – 4000 МВт құрайды. 2022 жылдың қарашасында Екібастұз МАЭС-1»-де ірі апат орын алып, 30 градус аязда қала жылусыз қалған.
Орталық Азия энергетикалық компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Орал Екібастұз жылу электр орталығына жаңғырту жүргізуге 15 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Екібастұздағы апат қайталанбауы үшін жыл сайын 5-9 млрд теңге қажет болатынын айтты.