Кеме мен катер құрастыратын «Орал «Зенит» зауыты жекешелендіріледі
Қазақстан үкіметі 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына өзгеріс енгізді. Соған сәйкес, жекешелендірілетін нысандар қатарына «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» (Kazakhstan Engineering) еншілес ұйымы – «Орал «Зенит» зауыты кірді. Үкімет зауытты бәсекелес ортаға беруді жоспарлап отыр.
«Орал «Зенит» зауытынан бөлек, «Қазақстан инжиниринг» компаниясының құрамына кіретін: «С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ, «Мұнаймаш» акционерлік қоғамы, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «ҚИ 811-автожөндеу зауыты» жекешелендірілді.
Бұған дейін Қазақстан инжиниринг «Тыныстың» 100% акциясын 5,04 млрд теңгеге, «Мұнаймаштың» 23,65% акциясын 232 млн теңгеге және «ҚИ 811 автожөндеу зауытының» 100% акциясын 288,6 млн теңгеге сатқан. 3 компанияны сатудан түскен қаржыны Ұлттық қорға аударудан босатылмақ. Бұл қаражат компанияның ішкі қарызын жабуға жұмсалады деп жоспарланған.
Бұл зауыт 1941 жылы Ленинград қаласынан көшірілген «Двигатель» зауытының негізінде құрылған. Ол мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау және арнайы мақсаттағы өнім шығарады. Сол арқылы еліміздің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ететін қорғаныс- өнеркәсіптік кешені құрылымына кіреді.
Компания сайтында қазіргі кезде катер мен кеме жасап, оларға техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жүргізіп, жаңартатыны жазылған. Осыдан басқа арнайы техника өндіріп, жабдықтарды жасау және мұнайгаз және өнеркәсіптің басқа салаларына арналған қызметтерді көрсету, сонымен қоса сұраныстағы азаматтық өнімдерді шығару бойынша тапсырыстарды орындайды.
2023 жылы зауыт түркиялық кәсіпорындармен бірлесіп, әскери-теңіз күштеріне арналған кемелер жасайды деп хабарланған. Келісім шеңберіндегі жобалар Түркия экономикасына үлкен экспорттық үлес қосады деп күтілген.