Атырау мен Маңғыстау облыстарына су жеткізетін «Магистральдық Суағызғысы» компаниясы «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры қызметінің тарифін орташа 36,9 пайызға қымбаттатады. Бұл жайында компанияның Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.
Тарифтер 2024 жылдың 1 шілдесінен көтеріледі. Халыққа, шаруа қожалықтары, мұнай кен орындары мен басқа да өнеркәсіп кәсіпорындарына су жеткізу тарифі әртүрлі. Халыққа, бюджеттік және коммуналдық мекемелер үшін су жеткізу ақысы өзгеріссіз қалған: 1 текше метр су үшін – 30 теңге. Ауыл шаруашылық өнімін өндірушілерге де тариф өзгермейді.
Өнеркәсіп кәсіпордары мен басқа коммерциялық ұйымдар үшін тариф 1400 теңгеден 1600 теңгеге көтеріледі. Ал мұнай-газ өндіруші кәсіпордарға су жеткізу тарифі 2472,99 теңгеден 3521,41 теңгеге дейін қымбаттайды.
Осының бәрін ескере келе, 1 текше метр су үшін орташа тариф 683,75 теңге болса, 1 шілдеден 935,88 теңгеге жетеді. Яғни тариф 252,13 теңге, 36,9%-ға қымбаттайды. Орташа тариф 2025 жылдың 30 маусымына дейін бекітілген.
Әр бөлек тариф магистральдық құбырлар арқылы су беру қызметіне 2029 жылға дейін жарамды болады.
«Магистарльды Суағызғысы» ЖШС «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын басқарады. Бұл су құбырын жаңғыртуға Ұлттық қордан 70 млрд теңге алынған.
Су құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылдың 4 тоқсанында басталған болатын. Жоба аясында ұзындығы 176 шақырымға жуық «Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су құбырының екі учаскесі ауыстырылды. Жаңғыртылған құбыр 2023 жылдың желтоқсанында қосылған. Нәтижесінде су құбырының өткізу қабілетін тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін артты.
«Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры – стратегиялық маңызды нысан. Ол Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған ауданы тұрғындарын сумен қамтамасыз етеді. Маңғыстау облысы халқының 35 пайыз және Атырау облысы халқының 28 пайызы осы су құбырымен келетін суды тұтынады. Жыл сайын халықтың су тұтынуы 4-5 пайызға артып келеді.
Құбырды жаңғырту шығынын өтеу үшін «Магистральды Суағызғысы» ЖШС 2023 жылдың 1 қыркүйегінен су жеткізу тарифін қымбаттатқан болатын.