Ұлттық банк басшысы банктерге салынатын корпоративті табыс салығын 25 пайызға дейін көтеруді қолдамайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ҰБ басшысы банктерге салынатын КТС салығын көтеруге қарсы пікір білдірді. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов банктерге салынатын корпоративті табыс салығын (КТС) 25 пайызға дейін көретуге қарсы. Бұл туралы ол мәжіліс кулуарында айтты. Жаңа Салық кодексінде банктер мен ойынханаларға КТС-ты 25 пайызға дейін көтеру көзделген.

«Біз қаржы реттеушісі ретінде банктерді ешқашан ойынхана немесе букмекер кеңселерімен теңестіруге болмайды деп есептейміз делік. Иә, банктер салыстырмалы түрде кейінгі екі жылда жақсы табысты болды. Бұған бүкіл әлемдегі жоғары базалық мөлшерлеме ықпал етті. Олар жақсы ақша тапты. Бірақ тұтас алғанда, банк секторы өте тиімді сала емес. Бұл мұнай саласы немесе ойын бизнесі емес», – деді ҰБ басшысы.

Сүлейменовтың айтуынша банктер үшін КТС-ті қазіргі 20%-дан 25 пайызға дейін жеткізу инвестиция тартуға кері әсер етуі мүмкін. Оған қоса тартылатын борыш құнын қымбаттатады. Ұлттық банк бұл мәселені Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігімен талқыламақ. Соның нәтижесінде ортақ ұстаным әзірленеді.

«Яғни, өңдеу саласы, мұнай мен газ өнеркәсібі және т.б. барлығына 25 пайыз болса, онда біз қарсы емеспіз. Бірақ банктерді жеке-дара бөліп, бүкіл жерде – 20%, ал банктер үшін 25% болады деп айту, менің ойымша, мүлдем дұрыс емес», – деп түйіндеді Сүлейменов.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексінде корпоративті табыс салығының мөлшерлемесі әр салаға әртүрлі болатынын мәлімдеген. Мәселен, банк секторы мен ойын бизнесі үшін 25% деңгейіндегі жоғары мөлшерлеме белгіленбек. Бұл ретте, вице-министр атап өткендей, егер банктер экономиканың нақты секторына несие беретін болса, онда мұндай кіріске 20% базалық мөлшерлеме қолданылады.

Бұған дейін Үкімет корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін 25%-ға дейін ұлғайтуды ұсынды. Жаңа Салық кодексі жобасында шикізат, қаржы, ойын бизнесі салалары үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін 30%-ға дейін арттыру қарастырылған. Жаңа салық Кодексі бюджетке түсетін салық көлемін 2-2,4 трлн-ға арттырады. 

Halyk Finance сарапшылар жаңа Салық кодексі Қазақстанның салық және бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді, құжатта қайшылықтар барын мәлімдеген еді.  

Жобаны талқылау «Ашық НҚА» сайтында 5 шілдеге дейін жалғасады. Жаңа салық кодексі 2025 жылы күшіне енеді.  

Сондай-ақ оқыңыз