Статистика бюросы 2023 жылы Қазақстанда IT қызметтер көлемі 1,4 триллион теңгеден асқанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 48,0%-ға, ал соңғы 3 жылда 216,7%-ға өскен. Осылайша IT қызметтер көрсету көлемі елімізде жоғары қарқынмен өсіп келеді.
Әрбір екінші IT қызмет Алматыға тиесілі
Елімізде IT қызметтің 87,5%-ы Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Ал, Алматы қаласының республикадағы үлесі 51,8% құрап отыр. Көптеген елде IT қызметтің бір немесе бірнеше өңірде шоғырлануы қалыпты үрдіс. Астана қаласы киберқауіпсіздік саласына республикадағы қызметтің 64%-ын немесе 12,5 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Сондай-ақ бас қала қауіпсіздіктен бөлек еліміздегі компьютерлік ойын өндірісін 80% қамтамасыз етіп отыр. Екі мегаполистен бөлек Қарағанды облысы да еліміздегі IT қызметтің 3%-ын өндіріп отыр.
IT қызметтері нарығының драйвері- цифрландыру
«Экономиканың барлық саласын цифрландыру – бүгінде эволюциялық процесс. Бизнес алпауыттары цифрландыру қажет екенін бірінші болып сезінуде», – дейді сарапшы Мирас Касымов. Оның зерттеуінше, Қазақстанда қаржы секторы және оның ішіндегі банк секторы бүгінгі таңда цифрландырудың жоғары көрсеткішіне жетті. Банк секторы цифрландыру арқылы табыстың өсуін қамтамасыз ете отырып, шығыстарды да едәуір азайтатынын түсінді. Сондықтан қаржы институттары өзінің IT тұстарына қомақты қаржы бөлу арқылы үздіксіз дамыту үстінде. Оларда цифрландыру үшін көп процестер, сондай-ақ коммерциялық пайда алуға болатын көптеген жинақталған дерек бар.
Осылайша, Қазақстанның ерекшеліктерін ескеретін болсақ, ІТ қызметтеріне сұраныстың драйверлері ЖІӨ-ге ең көп үлес қосатын компаниялар деген қорытындыға келу қиын емес. Бұл мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ жоғары бәсекелестік аясында экожүйелік тәсілге тенденция дамыған қаржы секторы, бұл үшінші тарап «әзірлеу қызметтеріне» сұранысты тудырды. Олар технологияға және аутсорсинг жұмыстарына көп қаражат салуға үйренген және бұлттарда жұмыс істеуді игергендердің бірі болды.
Шектеу факторы- кадр тапшылығы
2022 жылы ҚР Президенті Digital forum-да Үкіметке 2025 жылға қарай елімізде 100 мыңға жуық IT кадрын дайындауға тапсырма берген болатын. International Data Corporation (IDC) сарапшылары Қазақстанда акционерлерге IТ қызметтерінің және IТ-дағы стратегиялық жоспарлаудың құндылығын түсінетін және жеткізуге дайын орта буын менеджерлері, топ-менеджерлерінің тұтас галактикасы пайда болғанын растайды. Олар цифрландырудың әртүрлі шешімдерге инвестиция салудан қалай ерекшеленетінін және технологиялар мен жаңа процестерді біріктіру арқылы жаңа бизнес құндылығын қалай тудыратынын біледі. Дегенмен сарапшылар Қазақстан экономикасының негізгі құраушысы мұнай-газ саласында жас буындарға тәжірбие жетіспейтінін айтуда. Алдағы 3-4 жылда Қазақстан біртіндеп кадр тапшылығы сезіледі деп отыр. Алайда бұл тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің дамыған және дамушы елдерінде орын алып отырған жайт.
Сонымен қатар кадр тапшылығы IT қызметтері нарығына жаңа клиенттерді әкелгенімен, саланың өзіне де кері әсерін тигізетінін атап өткен жөн. IT қызметтері сегментіндегі компаниялар үшін жақсы сарапшы табу мәселесі басқа IT салаларына қарағанда өзектірек. Мұндағы маманның тек технологиялық дағдылары, тәжірбиесі ғана емес, сонымен қатар белгілі бір салада – мұнай немесе тау-кен өнеркәсібінде, металл өңдеуде, қаржылық процестерді түсінуде және т.б. білімі болуы керек екенін алға тартуда.
«Қазақстанда IT қызметтер көлемінің болашағы үлкен», –дейді IDC сарапшылары. Олардың пікірінше еліміздегі жалпы IT сектордың одан әрі дамуына үлкен компаниялардың цифрлық трансформацияға сұранысы және дамыған GovTech пен FinTech, сондай-ақ мемлекет тарапынан сұраныс пен қолдау әсер етеді. Сонымен қатар Үкіметтің алдында 2026 жылға қарай IT қызмет экспортын 1 млрд долларға жеткізу міндеті тұр.