Жаңалықтар

Баян Алагөзова қорлау бабы бойынша Дана Орманбаеваны сотқа берді

Баян Алагөзова Дана Орманбаеваны сотқа берді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Продюссер Баян Алагөзова жеке басты қорлау ісі бойынша танымал тележүргізуші Дана Орманбаеваны сотқа берді. Істі Медеу аудандық қылмыстық істер бойынша соты қарап жатыр.

Алагөзованың адвокаты Анна Чернованың ақпаратына сүйенсек, 28 мамырда алғашқы сот отырысы болған. 

«Қорғаушы тарап бірнеше өтінім берді. Біз қарсылық көрсеттік. Сот өтінімдерді қанағаттандырмады», – деп жазды Чернова.

Адвокаттың ақпаратына сүйенсек, сот шамамен бір сағат бойы кітаптардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан үзінділерді, фильмдерден дәйексөздерді тыңдаған. Кейіннен сот адвокаттардың сөзін бөліп, процесті 1 шілдеге ауыстырған.

«1 шілде сағат 10:00-де Медеу аудандық сотында істі қарау жалғасады. Қорғаушы тарап үлкенірек зал сұрады. Сондықтан қолдау көрсеткісі келетін адамдар сотқа кіре алады», – деп жазды Чернова.

Осыған дейін Дана Орманбаева Telegram-арнасында «тот басқан жүйенің барлық тетіктері бір сәтте істен шықты» деп жазып, бірқатар өнер иелеріне тіл тигізген.

Наурыз айында Алагөзова зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға арналған оңалту орталығының іске қосылғаны туралы хабарлаған. Дана Орманбаева продюсердің бастамасын сынға алған. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Орманбаева мен Алагөзова бір-біріне қарсы пікір білдірген.

Дана Орманбаева – қазақстандық журналист, балалар жазушысы және блогер. Қазір Дубай қаласында тұрады.

Баян Алагөзова – қазақстандық музыка және кино продюсер, тележүргізуші.

Еске сала кетейік Қылмыстық кодекстің 131- бабы қорлау басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту. Оған сәйкес, айыпты деп танылған азаматқа 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы немесе не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегілуі, болмаса 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.  

Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары болмаса 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.