Жаңалықтар

Тимур Турлов: Бизнес тап болып отырған басты проблема – білікті мамандардың жетіспеушілігі

Бизнеске ең бірінші білікті мамандар жетіспейді /коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов бизнеске ең бірінші білікті мамандар жетіспей отырғанын айтты. Екінші орында киберқауіпсіздік пен IT-тәуекелдердің проблемаға айналғанын атап өтті. Бұл туралы миллиардер Алматыда өтіп жатқан New Vision Forum алаңында мәлімдеді.

«Заманауи банктерге келетін болсақ, 30 жыл бұрынғы банктердің штатынан гөрі штатымыз азаюдың орнына көбейіп келеді. Бізге бірінші кезекте білікті мамандар керек. Бизнес күрделеніп, қарқынды түрде дамып келеді. Алдымыздан шығып жатқан киберқауіпсіздік және IT-тәуекелдерге төтеп беру үшін білікті мамандар қажет. Сондықтан қазір бизнес тап болып отырған басты проблема – білікті мамандардың жетіспеушілігі», – деді Турлов.

Кәсіпкер қазір нарық үшін дарынды мамандарға деген сұраныс инфрақұрылымнан, саяси институттардан да маңызды болып отырғанын айтады. Бизнестің дарынды маман үшін кез келген жалақы төліп, жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.

Турлов дарынды, білікті маманға айналу үшін үздіксіз оқып, заман ағымына ілесу керек екендігін айтады.

«Гардвардта оқитындардың 90%-ы бай-бағландардың балалары. Университеттер адамдарды біліміне қарап таңдайды дейміз ғой. Бірақ сол университетке түсудің өзіне қаражат керек. Ақшасы бар адамдарға университетке түсу оңайырақ. ақша жұмсамай-ақ түсуге болады. Ол үшін біраз іздену керек. Қазір білім алу, оны тұтыну деген құндылық бастапқы орынға шықты», – дейді Турлов.

Кәсіпкер білімді жастардың санын арттыру үшін бірінші кезекте цифрлық теңсіздікті азайтып, сапалы білім алуға қолдау көрсету керек екендігін атап өтті. Бұл саяси жүйеге де, нарыққа да, жеке бизнеске де ұзақ жылдар бойы пайда алып келетін шешім екендігін айтты.