Жаңалықтар

Кеңес Рақышев жақында ғана сатып алған Nomad west oil компаниясының 50% үлесін сатты

Рақышев Nomad west oil компаниясының 50% үлесін сатты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Кеңес Рақышевтің Fincraft Resources компаниялар тобы Nomad west oil компаниясының 50% үлесін сатты. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасында жарияланған есебінде жазылған.

«Fincraft Resources 2024 жылдың 25 маусымынан бастап Nomad west oil-дің 50% үлесін иеленуді тоқтатты», – делінген компания хабарламасында.

KASE ақпаратына сүйенсек, Рақышевтің компаниясы Nomad west oil үлесін 2023 жылғы желтоқсанында сатып алған. 

Nomad west oil ЖШС – Энергетика министрлігі өткізген аукцион нәтижесінде кен орындарын игеру құқығын иеленген компания. Cеріктестік Энергетика министрлігі аукцион жариялағаннан 1 айдан соң, 2023 жылдың 24 мамырында құрылған. ЖШС құрылтайшысы – Аян Бердіғожин. 

Fincraft Resources компаниясы 2023 жылдың шілде айында мұнай-газ өндіретін ARK Petroleum ЖШС-нің 50% үлесін иеленген еді. Нәтижесінде ARK Petroleum ЖШС-нің құрылтайшысы үшеу болды: Fincraft Resources АҚ, Proxymunai ЖШС және Асамбаев Рахман Валиханұлы.

2023 жылғы 1 сәуірдегі акционерлер тізімінен үзінді көшірмеге сәйкес, Fincraft Resources-тің үш акционері бар: Fincraft Group LLP (78,39%), Heathpoint holdings limited (9,76%), Volver company ЖШС (6,22%). Fincraft Group-тың жалғыз иесі – қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев. Heathpoint holdings limited 2018 жылдың 8 қарашасында Кипр юрисдикциясында тіркелді. Volver компаниясының екі қатысушысы бар – Logopark North Real Estate Limited және SG Future Growth Limited.

Кеңес Рақышев осы компаниясы арқылы BMT Holding Limited жеке компаниясы (100%), «SAT Nikel» ЖШС (100%), «Ертіс ферроникель комбинаты» ЖШС (93,4%), SAT Petrochemicals (100%), «Центрально-Азиатская инвестиционно-консалтинговая компания» ЖШС (99,9%) компанияларына иелік етеді.