Астана соты Тұрсынбек Қабатовты бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды
Астана қаласының әкімшілік соты шоумен Тұрсынбек Қабатовты ұшақ бортында мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін бес тәулікке қамауға алды. Жоғарғы сот ақпаратына сүйенсек, Қабатов кінәсін мойындап кешірім сұраған.
Әкімшілік істі сот 25 маусымда қараған. Шоумен ұсақ бұзақылық жасады деп айыпталған. Іс материалдарында оның мас күйінде Астана әуежайында тоқтап тұрған ұшақта отырып, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны туралы жазылған.
«Қоғамдық орында бола тұра былапыт сөйлеп, сонымен қатар борт серіктерін балағаттап, адамның қадір-қасиеті, имандылығына сөз келтіріп, сыйламаушылықты бiлдiріп, тыныштығын бұзатын қоғамдық тәртіпті бұза отырып, ұсақ бұзақылық жасады», – делінген сот материалдарында.
Сотта куәгер ретінде сөйлеген аға бортсерік Кабатовтың мас болғанын және балағат сөздерді айтқанын растады. Оның іс-әрекеті азаматтарға кедергі келтіріп, қоғамдық тыныштықты бұзғаны белгілі болған. Қабатов өз кінәсін мойындап, кешірім сұраған.
Нәтижесінде сот Тұрсынбек Қабатовты бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған. Қамауда ұстау мерзімі 25 маусымнан бастап есептелуі тиіс.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасаған Турсынбек Амангалиевич Кабатов әкімшілік жауаптылыққа тартылсын», – деп жазылған сот қаулысында.
Тұрсынбек Қабатов – шоумен, «Казахи» КВН командасының мүшесі ретінде танылып, Астанада «Әзіл әлемі» театрын ашқан. Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігінің «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында» қызмет етеді.