Жаңалықтар

Журналистердің заңды мүдделерін қорғау маңызды міндеттің бірі: Тоқаев кәсіби мерекемен құттықтады

Тоқаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады / коллаж kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өз құттықтауында президент журналистердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқарады. Баспасөз саласын дамыту, сондай-ақ журналистердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі», – делінген Ақорда хабарламасында.

Тоқаев журналистердің халыққа шынайы әрі жедел хабар таратып, кәсіби біліктіліктің озық үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.

«Қазақ журналистикасының тағылымды тарихы, аға буын қалыптастырған ерекше қолтаңбасы бар. Біз оның бай шежіресі мен ағартушылық дәстүрін барынша сақтауымыз қажет. Бүгінгі ақпарат саласының өкілдері осы сабақтастықты лайықты жалғастырып, өзіне жүктелген жауапты миссияны абыроймен атқарып келеді. Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!», – делінген президент құттықтауында.

19 маусымда Ақпарат саласына қатысты ұзақ талқыланған жаңа заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының заңы қолданысқа енеді.