KASE өз үлесін сатып алу бойынша Мәскеу биржасымен келіссөздер жүргізілгенін растады. Бұл туралы сауда алаңы «Курсив» сауалына берген жауабында жазды.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ «Мәскеу биржасы ММВБ-РТС» ЖАҚ-ны (МОЕХ) АҚШ, Ұлыбритания және басқа елдердің санкциялық тұлғаларының тізіміне енгізу KASE-нің қазіргі қызметіне тікелей әсер етпейтінін және KASE-ні аталған тізімге енгізу қаупі жоқ екенін хабарлайды», – деп жазылған жауапта.
2024 жылғы 12 маусымда Мәскеу биржасы мен оның құрамындағы Ұлттық клиринг орталығы АҚШ-тың санкциясымен бұғатталды. Осыған байланысты аталған ұйымдар 2024 жылғы 12 маусымнан бастап SDN List тізіміне енгізілді. SDN List тізіміне енгізу Америка Құрама Штаттарының юрисдикциясындағы активтерді толығымен бұғаттауды, сондай-ақ америкалық заңды және жеке тұлғалардың SDN List тізімінде көрсетілген тұлғалармен өзара әрекеттесуіне тыйымды білдіреді. Осыған ұқсас санкциялар Ұлыбританияның Қаржылық санкцияларды жүзеге асыру басқармасы (OFSI) 2024 жылғы 13 маусымда енгізді.
«Бұл ретте, санкциялық тізімдерге енгізу тәуекеліне акцияларының (қатысу үлестерінің) 50% және одан астамы санкциялық тұлғалар иеленетін, яғни олардың бақылауындағы компаниялар ұшырайды. MOEX KASE-нің орналастырылған акцияларының жалпы санының 50% -ынан аз (13,1%) көлеміне иелік ететіндіктен, аталған санкциялар KASE-ге қолданылмайды», – деп хабарлады биржа.
Сонымен қатар Мәскеу биржасы 2018 жылғы 10 қазандағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес KASE-нің стратегиялық серіктесі.
Дегенмен KASE акционерлерінің құрамында санкциялық тұлғаның болуы «Қазақстан қор биржасы» АҚ және оның еншілес ұйымы «KASE клиринг орталығы» АҚ-ның шетелдік қаржы ұйымдарымен және серіктестермен іскерлік қатынастарды орнатуына және қолдауына кедергі келтіреді.
KASE және оның еншілес ұйымы «KASE клиринг орталығы» АҚ қазақстандық маңызы бар инфрақұрылымдық ұйымдар. Биржа Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, қазақстандық бизнес, халықаралық қаржы ұйымдары үшін қаржыландыруды тартуға арналған алаң, сондай-ақ қайталама листинг қағидаты бойынша құралдармен сауда-саттық жүргізетін алаң.
«Сондықтан Қазақстанның қаржы инфрақұрылымы қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында, халықаралық заң консультантының қатысуымен жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Биржа МОЕХ-тен өз акцияларын сатып алуды және/немесе KASE келісімі бойынша үшінші тұлғаларға сату мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты, Биржа қазақстандық биржалық нарықтың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп нақтылады сауда алаңы.
Бұған дейін Frank Media басылымы Қазақстандық қор биржасы (KASE) Мәскеу биржасынан (MOEX) 13,1% өз акцияларын сатып алуды сұрағанын жазды.