Пәкістандағы аптап ыстықтан мыңдаған адам ауруханаға түсіп, жүздеген адам қаза тапты. Әсіресе, елдің ең үлкен қаласы Карачиде қаза тапқандар саны көп. Бұл туралы BBC хабарлады.
Қаладағы ауа температурасы 40°С-тан асып кеткенімен, ылғалдылықтың жоғары болуынан 49-50°С ыстық сезілді.
Елдегі ең ірі жедел жәрдем қызметін басқаратын Эдхи қорының басшысы Фейсал Эдхи жедел жәрдем көліктері аптаның басында ыстықтан зардап шеккендердің денелерін мәйітханаларға жеткізге бастағанын айтады.
«Әдетте Карачи қалалық мәйітханасына күн сайын 30-40 мәйіт түседі. Бірақ соңғы алты күнде олардың саны 568-ге жетті. Тек сейсенбіде 141 адамның денесі жеткізілген. Олардың көпшілігі қаланың әр аудандарынан әкелінген», – деп хабарлады Фейсал Эдхи.
Алдағы күндері Қазақстанның оңтүстігінде де ауа температурасы +42°-қа дейін ысиды. «Қазгидромет» РМК ауа райы құбылмалы болатынын қаперге салды.