Ұлттық валюта бір аптада 6,18 теңгеге құнсызданды

Жарияланды
Төл валюта құнсызданды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан қор биржасында (KASE) 2024 жылғы 28 маусымда сағат 17:00-де доллардың орташа сараланған бағамы 471,84 теңгеге тұрақтады.

27 маусымда сағат 17:00-де 1 доллар 465,64 теңге болған еді. Осылайша ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 6,20 теңгеге әлсіреді. Бұл 2023 жылдың қазан айынан бері төл валютаның долларға шаққандағы ең төмен құлдырауы.

Жалпы 24 маусым мен 28 маусым аралығындағы сауда аптасында ұлттық валюта 6,18 теңгеге әлсіреді. Мәселен, 24 маусымда орташа сараланған бағам 1 долларға 465 теңге деңгейінде болды. 28 маусым – бір доллар үшін 471 теңгеге жетті.

2024 жылғы 28 маусымдағы саудаға тоқталсақ, кешкі саудада доллардың орташа сараланған бағамы 471,84 теңге болды.

Биржада доллардың төменгі бағамы – 466,99 теңге, максималды – 473,67 теңге, жабылу бағамы – 472,96 теңге болды. АҚШ валютасымен жалпы сауда көлемі 196 млн 338 мың долларды құрады.
Kurs.kz мәліметі бойынша, елорданың ақша айырбастау орындарында АҚШ валютасы орта есеппен 472-473 теңгеден сатылса, Алматыда – 473-474 теңге шамасында.

Ұлттық банктің 28 маусымға белгілеген ресми бағамы 1 долларға 459,60 теңге.

Бұған дейін Ұлттық банк басшысы бағам «негізгі көрсеткіштерге» оралып жатыр, деген еді. Оның пікірінше, соңғы айларда байқалған нығаю Ұлттық қордан жоғары сатылымдарға байланысты болды, ал қазір олар төмендеуде.

Сонымен қатар журналистерге жыл соңына дейін 1 доллардың 500 теңгеге жететініне сенбейтінін айтты. Оның пікірінше бағам болжамды деңгейде сақталады.

Сондай-ақ оқыңыз