Ұлттық қор қаржысын «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына инвестициялау тиімді – Тимур Сүлейменов
Ұлттық қордан түскен ақшаның бір бөлігі нарық жағдайында «Қазатомөнеркәсіп» акциялрына инвестицияланады. Бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл тиімді шарт деп есептейді. Алайда баға мен өзге де талаптар туралы толық ақпарат кейінірек белгілі болатынын атап өтті.
«Қазіргі уақытта Үкіметтің тиісті шешімі әзірленуде, бұл Ұлттық банктің шешімі емес, өйткені «Самұрық-Қазына» ҰӘҰ-ның жалғыз акционері үкімет. Олар қазір Ұлттық қордың ақшасының бір бөлігін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларына салуды ойластырып жатыр» – деді бас банк басшысы.
Бұл ретте ол аталған шарт Ұлттық қордан жасалатын транш емес екенін атап өтті.
«Бұл облигациялар емес, акцияларды сатып алу мүмкіндігі, сондықтан мерзім жоқ. Нарықтық жағдай. Кез келген сәтте акцияларды сатуға болады», – деді Сүлейменов.
Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат беретіні хабарланды.
Үкіметтің 14 маусымдағы № 470 қаулысымен Ұлттық қор қаржысын орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне өзгеріс енгізілген.
Қаулыға 2023 жылы енгізілген өзгерісте тек «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акциялары сатып алынатыны жазылған. Бұл түзетуде «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына қатысты тармақ болмаған. Қазіргі уақытта компания акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, ал 24,34%-ы номиналды ұстаушыларға тиесілі.