DeFi: Орталықсыздандырылған қаржы қауіп пе, келешек пе?
Қаржы әлемі ұдайы өзгеріп отырады. Оған бірден-бір әсер ететін — заманауи технологиялар. Оған қоса блокчейн секілді технологиялар қолданылатын Web3 бар кезде төлемдер мен қаржы әлемінің болашағы орталықсыздандыруда екеніне күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Кейінгі он жылда бұл саладағы жаңалықтың бірі — орталықсыздандырылған қаражат (DeFi). Мұндайда қаражат көзі криптовалюта мен дижитал активтер болатыны белгілі. Олай болса, бұл құралдың қалай жұмыс істейтініне және жаңа технологиялардан не күтуге болатынына тоқталайық. Сонымен бірге DeFi деген не және оның орталықтандырылған қаражаттан айырмашылығы неде деген сұрақтарға да жауап іздейміз.
Қазір барлығы дерлік банк қызметтерін қолданады. Біреуінде кредит бар, біреуі айлығын карта арқылы алады, енді бірі депозитін сақтайды. Тіпті барлық ақша бір жерде болғаны адам бойында үрей туғызатыны бар. Арагідік Қазақстанда да «Пәлен банк клиенттерін ақшасыз қалдырады. Банктегі есепшоттарындағы ақшасын ұрлайды» деген сыңайдағы фейк жаңалықтар тарап тұрады. Халықтың тарапынан мұндай қорқыныштың болғаны да заңды. Себебі банк жүйесі аса сенімді, берік қорғалған болса да оған деген сенімге селкеу түсіріп, жаман ойға жетелететін әлсіз тұстар бар. Мәселен, ақша аударымдарын өңдейтін мекеме қалаған кезде қалаған адамның шотын бұғаттап тастай алады. Болмаса аяқ-астынан комиссияны көтеріп жіберуі мүмкін. Енді бірі жабылып қала салады. Сондықтан осындай үрей бар кезде басқа да балама жолдар жайлы біліп жүрген дұрыс.
DeFi деген не?
Орталықсыздандырылған қаражат, яки DeFi деп банк пен биржа түріндегі делдалсыз, блокчейнде жұмыс істейтін қолданбалар мен қызметтер экожүйесін айтады. Дәстүрлі қаржы құралдары бір орталықтан басқарылады. Ал DeFi болса, Web3 принциптеріне сүйене отырып жұмыс істейді. Сол себепті шешім қабылдаған кезде желі қатысушылары түгел қатысады. Блокчейн технологиясына негізделетіндіктен, қаржы қызметтерін алу үшін делдал керек емес.
Бұл — барлық келісім автомат түрде жасалатын, смарт-келісімшарттар қолданылатын жаңа ұйым моделі. Смарт-келісімшарттар таратылған реестр технологиялары базасында жасалады. Орталықсыздандырылған қаржы құрылымындағы ең маңызды элементтердің бірі — бір орталықтан бақыланбауында. Қолданушылар активтер алмасып, кредит рәсімдеп, табыс тауып, тіпті ақшалай инвестиция жасай алады. Делдал болмағандықтан, комиссия да азырақ болады. Тағы бір мүмкіндік — құралдарды статусына не тұратын жеріне қарамастан кез келген адам қолдана алады. Осылайша DeFi технологиялар қаржы саласындағы инновация болып отыр. Соның арқасында бағдарламалаушылар жаңа өнімдер мен қызметтер жасап шығарады. Қаржы моделін енгізгендіктен, криптовалюта мен дижитал активтер экожүйесі қарқынды дами түседі.
DeFi-де делдал функциясының орнын автоматтандырылған процестер басады. Олар бағдарламалық алгоритмдер мен есептеуіш қуатты қолданады. DeFi сервистерінің көмегімен кредит беріледі. Инвестиция салуға болады, сақтандыру қызметі жасалады. Орталықтандырылған инфрақұрылым қолданбаса да эмиссия, сақтау, есеп жүре береді. DeFi-де транзакцияларды басқарып, қаржы операцияларын басқаратын орталық заңды тұлға жоқ. Бұл функциялар смарт-келісімшарттар мен блокчейндегі орталықсыздандырылған қолданбалар арқылы автомат түрде жасалады.
Орталықсыздандырылған қаржы қай жерде қолданылады?
DeFi қаржы құралдары қаржы құралдарымен жұмыс істеуге тың мүмкіндік беретіндіктен түрлі салада қолданылады. Соның ішінде:
- Кредит бергенде. DeFi қарыз алушылар мен кредиторларға криптовалюталар не дижитал активтерді дәстүрлі қаржы институттарын қатыстырмай кредит алуға және қарыз беруге қолдануға болады.
- Айырбастайтын платформаларда (DEX). Криптовалюталар мен өзге де дижитал активтерді қолданушылар арасында емін-еркін айырбастауға мүмкіндік береді. Ол үшін орталықтандырылған биржалар қажет емес.
- Сақтандыру саласында. DeFi арқылы сақтандыруға криптовалюта қолдануға болады.
- Активтерді басқаруға. Орталықсыздандырылған қаржыны қолданып қолданушылар жеке дижитал активтерін басқара алады. Сонымен бірге NFT саудасын жасауға болады. Жаңа технология сәт санап дамып жатыр. Соның арқасында дижитал активтер қолданылатын сала да кеңейе береді.
Қандай танымал түрлері бар?
- Uniswap. Бұл — қолданушыларға токендерді өз араларында Ethereum блокчейнідегі смарт-келісімшарттар арқылы тікелей айырбастауға мүмкіндік беретін орталықсыздандырылған биржа (DEX).
- Aave. Қолданушыларға өз депозиттерінен пайыз көріп табыс табуға, криптовалютамен қарыз алуға болатын кредит беру хаттамасы.
- Yearn.Finance. Іздеу және инвестициялау процесін автомат түрде барынша тиімді DeFi-шешімдерге айналдыратын платформа.
- Curve Finance. Стейблкойн және Ethereum базасындағы өзге де активтерді сатқанда өтімді қылуға мүмкіндік беретін алаң.
- Avalanche — орталықсыздандырылған қолданбалар (DApps) жасап, іске қосу үшін арнайы жасалған блокчейн-платформа.
DeFi сегментіндегі нарық үлкен бе?
Көпшілік жаппай Web3-ке кетіп жатпаса да, жалпы алғанда DeFi нарығында әжептәуір өсім байқалады. Әсіресе, кейінгі бес жылда қызығушылық өсті. Мысалы аналитикамен айналысатын DefiLlama сервисі келтірген деректерге сүйесек, қазіргі уақытта DeFi-дегі барлық актив құны 98 млрд доллардан асып жығылады. Ал күнделікті сауда көлемі — 8 млрд доллар. Бұдан бөлек, DeFi-жобаларға криптоиндустриядағы барлық сектор ішінде ең көп инвестиция салынған. Оған дәлел ретінде cryptorank.io есебіндегі деректерді келтіруге болады.
Орталықсыздандыру кімге тиімді болады?
Бұған дейін айтқанымыздай, орталықсыздандырған кезде қолданушылар деректері мен активтеріне мықтырақ бақылау орнатып, цензура мен шектеуден ада болады. Мұнда дискриминацияға жол жоқ. Соның арқасында жаңа заман экономикасына еш кедергісіз қатысуға мүмкіндік бар. Мысалы бизнеске жақсы тұсы сол — реттеуші органдар мен мемлекет араласады деген қауіп өте аз.
Қалай инвестиция салуға болады?
Қаражатыңызды түгелдей DeFi-ге салмас бұрын барлығын елеп-екшеп алуыңыз керек. Содан кейін қандай форматта инвестиция жасағыңыз келеді — соны нақтылап алыңыз. Орталықсыздандырылған қаржы әлемінде қолданушылар стейкиң, фармиң жасап, индекс-токен сатып алып, үлестік иелік жасай алады. Бұдан басқа да құрал жетіп артылады. Форматын таңдап алған соң, криптоәмиянды тіркеуіңіз қажет. Орталықсызданған ортада жүру үшін соған сәйкес әмиян болуы маңызды. Айталық, ол қатарға MetaMask, Ledger немесе Trust Wallet сынды әмиядарды жатқызуға болады. Өзіңіздікін қосқаннан кейін таңдап алға алаңыңызда (Uniswap, Yearn.Finance, SushiSwap немесе кез келген басқа алаң) сізге бұған дейін тізіп шыққан DeFi-құралдарды қолдануға мүмкіндік беріледі. Енді бар қалғаны — P2P-нарықтан криптовалюта сатып алып, оны пайдалану.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Орталықтандырылған және орталықсыздандырылған қаржының айырмашылығы көп. Соның ішінде құралдарды қолдануға мүмкіндік пен қолданушы мен жылдамдыққа қатысты. Мәселен DeFi-алаңдар арқылы инвестиция жасап бастағыңыз келсе, сізге бар болғаны криптоәмиян алу керек. DEX сізден квалификациясы бар инвестор деген статус сұрамайды, болмаса шот ашу үшін қыруар қаражат болуы керек деген шарт қоймайды. Одан қала берді орталықсыздандырылған жүйеде транзакциялар өте жылдам және еш делдалсыз жүреді. Келесі бір артықшылығы — Web3 экономика заңдарына сәйкес, транзакциялар мен операциялар туралы барлық ақпарат блокчейнде тұрады. Осы арқылы сіз бәрінің толықтай ашық өтіп жатқанына әрі алаяқтар тарапынан болатын іс-әрекеттер ықтималы әлдеқайда азырақ екеніне сенімді болып отырасыз.
Десе де, кемшіліктері де жоқ емес. Орталықсыздандырылған қаржының кемшін тұсы деп басқа да технологияларға тән дүние — кибершабуылды айта аламыз. Мұндай қауіпті жоққа шығаруға болмайды. Шабуыл жасалса, қаражатыңыз қолды болуы бек мүмкін. Мысалы 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында Upbit криптобиржасында 159 мың хакер шабуылы болған екен. Бір жақсысы, барлығы жақсы аяқталып, еш қолданушы зардап шекпеген. Ендігі бір кемшілік — DeFi-сервистерінің біразы бұқаралық қолданысқа, яғни көпшілікке арналмаған. Техникалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, DEX-ті қолданып бастау үшін әмиян ғана керек дейміз. Десе де, әлеуетті инвесторға күрделі интерфейсті түсініп, қаптаған терминдер жайлы білім алу қажет. Бұл да оңай емес.