Депутаттар екі айлық каникулға кетті. Бүгін, 28 маусымда, Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті, онда сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабылды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қос палата депутаттарының жұмысын қортындылады. Сондай-ақ Үкіметтің әдетке айналған кемшіліктерін де тізіп шықты. Мәжіліске шикі заң жобалары келіп түсетінін айтып, олардың жұмысын сынға алды.
Депутаттар 1 қыркүйекке дейін каникулға кетті
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов екінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы қаулыға қол қойды.Осылайша депутаттар екі айлық каникулға кетті. Оның бір айында депутаттар өңірлерді аралайды.
«Дәстүр бойынша атқарылған жұмысты қорытындылаймыз, келешекке жоспар құрамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары Парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар берді. Көппартиялы Парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелді, қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті. Мұның бәрі — Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналды», — деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошановтың сөзінше, өткен сессия «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» формуласының тиімдігін іс жүзінде дәлелдеді.
«Президент жариялаған «заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты» өткен заң шығару маусымында басты бағдар болды, қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артып отыр. Мұның бәрі — пәрменді әрі ықпалды Парламент қалыптастыру бағытындағы конституциялық реформаның мән-маңызын айшықтай түсуде», — деді Мәжіліс төрағасы.
Қошанов осы сессияда Парламенттік жұмыс кезеңі толық әрі табысты атқарылғанын айтты. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 отырысы және Сенаттың 43 отырысы өткен.
«Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 120-сі қабылданды. Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобалары бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеді”, – деді Ерлан Қошанов.
Үкімет мүшелерінің жұмысына Қошановтың көңілі неге толмады?
Мәжіліс төрағасы заң жобаларын әзірлеу кезінде жылда қайталанатын кемшіліктерді де тізіп шықты. Айтуынша, нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен.
«Бұл туралы біз жылда айтамыз. Соның айқын мысалы — Су кодексі жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр. Мұның бәрі кодекс жобасының Парламентте қаралуын қиындатып, ұзаққа созылуына әсер етеді. Құрылыс кодексінің жобасы да осыған ұқсас. Бұл жайт баршаға белгілі. Заң жобасы мүлде «шикі» күйде келіп түсті. Депутаттар оны тағы пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр. Мәжіліске заң жобасын енгізу мерзімі — ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе», — деді Мәжіліс спикері.
Қошанов жобаларды енгізу мерзімі жиі кешіктірілетінін айтып, Үкімет мүшелеріне бірқатар сын-ескертпелерін жеткізді.
«Мысалы, жаңағы айтқан Су кодексі былтыр наурыз айында енгізілуі керек еді. Алайда ол бір жылға таяу уақыт шегеріліп, кеш енгізілді. Маңызды заң жобасының бірі Салық кодексі әлі енгізілген жоқ. Соның салдарынан депутаттардың онымен сапалы жұмыс істеуіне уақыт өте тығыз болғалы тұр. Құрметті Үкімет мүшелері, сіздердің жұмыстарыңыз Парламентке заң жобасын енгізумен аяқталмайды. Керісінше, жұмыс сол уақытта басталады. Соны ескергендеріңіз жөн», — деді Ерлан Қошанов.
Палата төрағасы депутаттардың түзетулеріне қорытынды беру мерзімнің өзі бөлек мәселе екендігіне тоқталды. Сөзінше, бұл да тым ұзаққа созылып кетеді, ал мемлекеттік органдар бұл әдеттен әлі арыла алмай келеді.
«Мысалы, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысын 8 айға дейін күтуге тура келді. Әскери-патриоттық туралы заң жобасы бойынша қорытындыны келісу 7 айға дейін созылып кетті. Тағы бір мәселе бізге ратификациялауға түсетін келісімдер мен шарттар мәтіндерінің өзара сәйкестігіне қатысты. Келіссөз жүргізіліп, еліміз үшін маңызды халықаралық, мемлекетаралық келісімдерге қол қойылады. Алайда заң жобаларын қарау мерзімі мемлекеттік органдардың немқұрайлы, салғырт қарауынан мемлекеттік тілдегі қателерге байланысты кейінге шегеріледі. Сол себепті серіктес елдермен келісім ұзаққа созылып, елдің имиджіне теріс әсер етеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік органның осы мәселеге ерекше назар аударуын сұраймын», — деді ол.
Үкіметтің депутаттық сауалдарға жауабы жайлы…
Мәжіліс спикері мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға беретін жауаптары да көңілден шықпайтынын айтты.
«Мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға беретін жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейді. «Баяғы жартас – бір жартас». Сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн», – деді Ерлан Қошанов.
Қошанов осы айтылған мәселелерге Үкімет баса назар аудару керек деп есептейді. Сондай-ақ Мәжіліс спикері Парламент депутаттарының 800-ге жуық елдімекенді аралап, 2 000-ға жуық кездесу өткізгенін еске салды. Осы сессия барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдаған. Сессия басталғалы бері қоғамдық қабылдау қызметіне 2 мыңнан астам адам жүгінсе, 47 мыңнан астам азаматтың хаты қаралған.