Димаш Қазақстанда өнер орталығын ашып, жас таланттарды әлемдік сахнаға дайындамақ
Димаш Құдайберген жас таланттарды мүмкіндігінше әлемдік деңгейдегі продюсерлермен таныстырып, өнердегі жолын қалыптастыруға еңбек сіңіргісі келеді. Бұл туралы ол Алматыда өткен New Vision форумы аясында мәлімдеді.
«Жоспарларды дәл осы уақытта деп айтпай-ақ қояйын. «Арық айтып, семіз шық» дейді қазақта. Жаңалықтар болатын болса, оны міндетті түрде әлеуметтік желілерде немесе басқа жолдар арқылы халықпен бөлісетін боламын», – деді ол.
Әнші сондай-ақ менен озатын жастар көп болсын деген тілек айтты.
«Мен жете алмаған жетістіктерге жетіп, мен бұза алмаған қамалдарды бұзатын ұл-қыздарымыз көп болсын. Менің жетістігім тек қана үлгі есебінде болсын. Бірақ менен озсын, деп тілейік», – деді әнші.
Айта кетейік, Алматыда үш күн ең ірі бизнес форум – New Vision Forum өтті. Форумға 50-ден астам әлемдік және қазақстандық ірі кәсіпкерлер қатысты. Кеше аталған форумға қатысқан Тимур Турловтың бизнес тап болып отырған басты проблема – білікті мамандардың жетіспеушілігі екен екені туралы айтқанын хабарлаған едік.