Қырғызстанда сел жүріп, 5 адам қаза тапты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан сел оннан аса ауланы басып қалған / Архив: kursiv.media

Қырғызстанның Ош облысының Ноокат ауданында сел жүріп, 5 адам қаза тапты, деп хабарлайды 24.kg.

Бұл туралы Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі Дағдарысты басқару орталығы басшысының орынбасары Байзақ Оторбеков растады.

«Жергілікті тұрғындарға Әбшыр-Ата ауданындағы өзен жағасында 6 адам тапшанда демалып жатқан. Барлығын су алып кеткен. Кейін жергілікті тұрғындар бес адамның мәйітін тауып алды», – деді Байзақ Оторбеков.

Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан сел он ауланы басып, Әбшір-Ата ауылындағы екі көпірді зақымдады.

«Тескей-Қожоқ ауылында 15 шаруашылық пен жергілікті мектеп зардап шекті. Қара-Бұлақ ауылында сел көлік пен көпірді алып кеткен. Тәжі-Қыштақ ауылында сел жеті аула мен бірнеше қораны басып қалды», – деп хабарлады Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі.

Қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері сел салдарын жою, қаза болғандар мен зардап шеккендердің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы сәуірде Қырғызстан елінің бірнеше аймағында сел жүрді. Ноокен ауданындағы бір ауылда селге қарсы бөгетті су бұзып кетті. Соның салдарынан ауылдағы 300 үйдің тұрғындары эвакуацияланды.

Сондай-ақ оқыңыз