Қазақстандағы интернет сапасы Жапониядан жылдам ба? IT-сарапшы түсіндірді
Қазақстанда интернет сапасы көңіл көншітпейді. Бұған статистика дәлел. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар-мамырында интернет сапасына қатысты 11 мыңға жуық шағым түскен. 18 маусымдағы Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы интернет Жапониядан жылдам екенін мәлімдеді. Kursiv.kz тілшісі IT-маман Қуаныш Бакировпен тілдесіп, елдегі интернет сапасы жайлы сұрап көрді.
Маманның пайымынша, Қазақстандағы интернеттің сапасы жаман емес
Сарапшы елдегі интернет өз бағасына өте жақсы деп бағалады.
«Маған күнделікті жұмыс істеуге сапалы интернет өте қажет. Себебі мен қашықтан шетелдік компанияда жұмыс істеймін. Өзім Астанада тұрамын. Қаладағы, орталықтағы интернет жылдамдығына көңілім толады, ешқандай қиындық болған емес. Бірақ, әрине, қаланың сыртында жағдай басқаша. Дегенмен қазір қаладан тыс аймақтарда да адам өте көп. Соны ескерсек, мемлекет барлық халықты сапалы интернетпен қамтамасыз етуі керек сияқты. Бірақ әлі күнге көп ауыл-аймақта интернет жоқ», – дейді сарапшы.
Ауылдардағы интернет сапасы
Кейінгі ақпарат бойынша әлі күнге Қазақстанның 1500-ға жуық ауылына интернет жетпеген. Маман мұның себебін түсіндіріп көрді.
Оның айтуынша, бұл көптен талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Алайда мұның себебін территорияның өте үлкен екенімен түсіндіруге болатын сияқты. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында. Сондықтан елдімекендер бір-бірінен өте алыс орналасқан. Онда шоғырланған халық та аз. Астана мен Алматыны салыстырғанның өзінде, арасы 1000 шақырым екен. Еуропа елдерінің тығыздығымен салыстырғанда, бұл – өте алыс.
«Интернет жеткізудің тұралап қалғаны да осыдан деп ойлаймын. Мысалы, ауылды елдімекендерге интернет тартып жеткізу шығын тұрғысынан тиімсіздеу болуы мүмкін. Бір ауылда 4-5 мың адам тұратын болса, интернет тартуға миллиардтаған қаржы құрту экономикалық тұрғыдан мемлекет үшін тиімсіздеу болады. Алайда мемлекет Илон Масктың Starlink спутниктерін Қазақстанға жеткізіп, интернетке қосылу мүмкіндігін ұсынғанын білеміз. Қазір осының арқасында бірнеше ауыл желіге қосылды. Қазір мемлекет тарапынан осы спутниктерді басқа мәселелерге қолдану мәселесі де қарастырылып жатыр екен. Бірақ енді ақпаратты қорғау, қауіпсіздік тұрғысынан қаншалық тиімді деген екінші сауал қазір да маңызды болып тұр. Дегенмен құзырлы комитеттер де іске кіріссе, мұны шешуге болады деп ойлаймын», – дейді IT-маман.
Маман Қазақстанның интернеті Жапониядан озық тұр деген министр пікіріне қатысты ойын айтты
Спикердің пікірінше, мұндай рейтингілерді оқығанда оның методологиясына да мән беру керек.
«Министр Жаслан Мәдиев Қазақстанның интернеті Жапониядағыдан жылдам істейді деді. Бұл – Speedtest Ookla дерегі, жылдамдықты тіркейтін бағдарлама негізінде жасалған рейтинг. Бұл бағдарлама арқылы әр адам өзінің интернетінің сапасын, жылдамдығын тексере алады. Методологиясына қарасам, адам бұл сайтқа өзі кіріп, түймені басып, сапасын тексерген кездегі жылдамдық қандай болды, сол жазылады екен. Сонымен радиоқоңыраулар бойынша деректерді де жинақтап, ортақ есебімен қоса тізім шығарады екен. Сол тізімде Қазақстан 64-орында, ал Жапония 65-орында тұр. Бұл рейтинг дұрыс болса да, мақтанып айтатын дүние емес деп есептеймін. Бұл – расымен қала орталықтарында тұратын адамдардың нәтижесіне негізделіп жасалған рейтинг болған соң, Қазақстанның шалғай ауылында тұратын адамдарды мазақ еткенмен бірдей сияқты. Меніңше, қалай Жапониядан асып кеткеніміз ол адамдардың басына да сыймайтын сияқты», – дейді сарапшы.
Ауылдағы интернет сапасын жақсарту үшін не істеу керек?
Маман шалғай ауыл тұрмақ, қала ішінде, қала маңында кейде интернет ұстамай қалатынын айтады. Мұны шешу үшін базалық станцияларды көбейту керек.
«Негізі 5G базалық станцияларының санын арттыру мәселесі де қаралып жүр ғой. Бірақ бұл станциялар негізінен тұрғын үй кешенінің территориясына орнатылады. Бұған қазір тұрғындар наразы болып жатыр. Денсаулыққа зиян деп қауіптеніп жүр екен. Бірақ біз күн сайын денсаулыққа зиян түрлі зат қолданып жүрміз. Тура осы станцияларды Жапонияның Токио қаласында өте тығыз жиілікпен орнатқан. Есесіне, интернетке бәрі жылдам қосылады. Ауырып жатқандар да жоқ сияқты», – дейді Қуаныш Бакиров.
Сарапшы интернетке қолжетімділікті арттыру – базалық қажеттілікке айналғанын, мұның қазір адам өмірі, қауіпсіздігі үшін де маңызы артқанын айтады.
«Территория үлкен деп айтып кеттік. Интернет былай тұрсын қала сыртында байланыс үзіліп қалады. Хабар беру қиын. Байланысқа шығу қиын. Бұл жерде құқық, интернетке қосылу дегеннен маңызды мәселе жатыр. Қарапайым ғана қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан оның шешімі сол – спутниктік желі әкелу сияқты. Мұны мемлекет орнатып да уақыт құртпайды. Елге әкелген соң, тек қосу қажет. Сосын қолданушыларға интернет қолжетімді болады», – деп қорытындылады спикер.