2023 жылы бюджет қаражатының 0,3%-ы өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне бағытталды
2023 жылы өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне жұмсалған шығыстар Қазақстанның республикалық бюджетінің барлық шығысының 0,3%-ын құрады. Бұл жөнінде Economy.kz басылымы жазды.
Осы салаға жұмсалған қаражат көлемі 2023 жылы 19,0%-ға, яки 58,0 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылы 48,7 млрд теңге).
Былтыр барлық соманың 95,4%-ы өнеркәсіптегі жобаларға бағытталды. «Kia Qazaqstan» ЖШС жарғылық капиталына қатысу мақсатында «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын» қолдау үшін Қостанай облысының бюджетіне қаражат аударылды. Оған қоса қазақстандық тауарлар экспортын дамытуға, өнеркәсіп салаларына арналған нысаналы даму трансферттеріне жұмсалды. 4,6%-ы – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне тиесілі болды.
2023 жылы жергілікті бюджеттер шығыстарының 0,7%-ы аталған салаға бөлінді (2022 жылы 0,9%). Бұл сома 2022 жылмен салыстырғанда 7,6%-ға, 2023 жылы 87,1 млрд теңгеге дейін азайды (2022 жылы 94,4 млрд теңге).
Өткен жылы шығыстардың ең көп үлесі Алматы қаласы – 23,0% (2022 жылы 21,2%) мен Абай облысына – 10,2% (2022 жылы 2,7%) тиесілі болды. Ең аз үлес Ұлытау – 1,4% (2022 жылы 0,9%), Ақтөбе – 1,5% (2022 жылы 1,4%), Атырау – 1,7% (2022 жылы 3,4%), Солтүстік Қазақстан – 1,7% (2022 жылы 0,8%), Қызылорда – 1,8% (2022 жылы 1,1%) облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді – 1,8% (2022 жылы 1,1%).
2023 жылы Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті және өңдеу өнеркәсібін дамытуға 50 млрд теңге бөлінген. Жобалар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырылды.
Былтыр жалпы сомасы 661,5 млрд теңге өңдеу өнеркәсібіне қатысты 544 өнеркәсіптік-инновациялық жобаға жұмсалды. Өнеркәсіпті дамыту қоры лизингтік қаржыландыру бойынша жалпы сомасы 187 млрд теңгеге 27 жобаға қолдау көрсеткен.