Мәдениет және ақпарат министрлігі Аида Балаева атынан жалған хабарламалар таратылып жатқанын ескертті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан танымал тұлғаларға жалған хабарламалар келіп түскен. Министрлік кейінгі уақытта мұндай келеңсіз әрекет жиілеп кеткенін мәлімдеді.
«Мұндай хабарламалар алаяқтардың ісі екенін мәлімдейміз. Аида Балаева мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мұндай хабарламаларды электрондық пошта, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа да байланыс арналары арқылы жібермейді. Сіздерден абай болуды және хатқа жауап бермеуді сұраймыз», – деп ескертті ведомство.
Министрлік күдікті хабарламаларды жауапсыз қалдыру үшін екі қадамды орындауды ұсынды:
- Келген хатты елемеу, хатқа жауап бермеу.
- Алаяқтық фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлау.
«Азаматтардың мүддесін қорғау – біздің басты міндетіміз. Біз алаяқтық әрекеттерін болдырмауға және кінәлілерді жауапқа тартуға бар күшімізді саламыз», – делінген министрлік ақпаратында.
Кейінгі жылдары алаяқтық дерегі көбейіп кетті. Танымал тұлғалар, банктер, құқық қорғау органдары атынан телефон шалып, алдап-арбайтындар жетіп артылады. Мәселен, Ұлттық банк заңгерлік көмек береміз деп, шотқа ақша аударып алатындар пайда болғанын хабарлады.
Facebook-те қазақстандықтарға жаңа мемлекеттік бағдарлама бойынша төлемдер туралы алаяқтар жарнамасы тараған. Алаяқтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі кеңестің үзіндісін жарнамалық бейнеге енгізген. Осы арқылы әлеуметтік желіде қазақстандықтар мемлекеттен қосымша төлемдер алады деген жарнаманы іске қосқан.