Жаңалықтар

Екінші тоқсанның қорытындысы, Қытай экономикасының қазіргі ахуалы, энергия секторына инвестиция салу артты

БАҚ шолуы / Shutterstock

Уолл-стрит тоқсандық қорытынды жасап, екінші жартыжылдыққа болжам ұсынды, қытайлық кәсіпорындардың белсенділігі бәсеңдеді, Уоррен Баффет және басқа да миллиардерлер энергетика компанияларының акцияларын сатып алып жатыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріндегі әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.

Сарапшылар тоқсандық қорытындыларды шығарып, екінші жартыжылдыққа болжам жасап жатыр

Екінші тоқсанда акция бағасының өсуі орташа деңгейден аспады және қор нарығындағы баға болмашы ғана құбылды. Осы жайттар кейбір елеулі теңгерімсіздікті бүркемелеп тұр деп жазады WSJ. S&P 500 индексі екінші тоқсанда 3,9% – ға өскен. Жасанды интеллект әлі де нарықтың қозғаушы күші болып тұр. S&P 500 секторындағы компаниялардың құны өткен тоқсанда 14,7%-ға өскен, ал қалғаны 1,2% жоғалтты.

Сәуір айының басында S&P 500 индексінің P/E коэффициентінің тым жоғары болуы инвесторлардың көңілін алаңдатып, ЖИ секторында да жаппай сату белең алған еді. Содан кейін жағдай біршама тұрақталып, S&P 500 индексінің құбылуы коронавирус пандемиясына дейінгі кездегідей, қайта төмендеді.

Жалпы алғанда S&P 500 индексі айтарлықтай тұрақты болды. Бірақ осы индекстегі кейбір жеке акциялардың бағасы біраз құбылды. Осыдан келіп, бүкіл индекс тұрақты болса да, жеке акциялар тұрақсыз болып, көрсеткіштер арасында алшақтық пайда болды. Пессимистер нарықтың екіге жарылғанына қарап, жасанды интеллект саласындағы акциялардың раллиі тоқтағанда, нарықтағы баға құлдырайды деп қорқады. Ал оптимистер S&P 500 акцияларының осыдан үш ай бұрынғымен салыстырғанда қазіргі арзандауын жақсылыққа балайды. Яғни олар АҚШ-та мөлшерлеме төмендей бастағанда акция бағасы әлдеқайда көтеріледі деп санайды.

VettaFi-лік Тодд Розенблут Уолл-стритте жұма күні өткен жыл сайынғы қайта теңгерімдеу іс-шарасы – FTSE Russell қор нарығына жаңа дем береді деп есептейді. «Біздіңше, кең портфельде ары қарай өсуге мүмкіндік бар», – деп мәлімдеді Розенблут CNBC-ке.

S&P 500 2024 жылдың алғашқы алты айында 31 рекорд жасады. Оған 14% қосылды деп жазады Bloomberg. АҚШ-тың қор нарығы үшін басты қауіп – қараша айында өтетін президент сайлауы. Тағы бір фактор – мөлшерлеменің қашан төмендейтіні әлі белгісіз боп тұр.

Қор жөніндегі әйгілі стратег Джим Полсен 2023 жылы S&P 500-дің 10%-дан көбірек өсетінін дәл болжаған еді. Ол алдағы жартыжылдықта технологияға қатысы жоқ компаниялардың құны көтеріледі деген ойда. Стратегтің есебінше, индекс көшбасшылары 20 ай бойы өскенде, әдетте оларға басқа сектордағы компаниялар да қосылады.

Одан бөлек, S&P жылдың бірінші жартысында мықты нәтиже көрсетсе, әдетте қалған алты айда да жақсы өседі. Bloomberg жинаған деректер бойынша, 1950-шы жылдардың басынан бері индекс қаңтар-маусым айларында 10%-дан астам өскен кезде, жылдың екінші жартысында да орта есеппен 10%-ға өскен.

Қытай кәсіпорындарының белсенділігі төмендеді

Қытайдың ұлттық статистика бюросы жексенбіде елдің өндірістік белсенділігі екі ай қатарынан бәсеңдеп жатқанын хабарлады деп жазады Bloomberg. Маусым айында өңдеу өнеркәсібіндегі сатып алу менеджерлерінің индексі 49,5 болды. Индекстің мамыр айындағы көрсеткіші де дәл сондай болған еді.

Егер көрсеткіш 50-ден төмен болса, бұл белсенділіктің бәсеңдегенін білдіреді. Зауыттардағы жаңа тапсырыстардың ішкі индексі 49,5-ке дейін кеміген, өйткені нарықта сұраныс азайды.

Жаңа экспорттық тапсырыстарды өлшейтін индикатор 48,3 деңгейінде өзгеріссіз қалды. Ал құрылыс пен қызмет көрсету саласындағы өндірістен тыс белсенділік мамыр айындағы 51,1-ден қазір 50,5-ке дейін төмендеген.

Жалпы Қытай экономикасы биыл әркелкі нәтиже көрсетті. Өндіріс ара-тұра өсіп отырды және сұраныстың артуы жылжымайтын мүлік саласындағы дағдарысқа оң әсер етті. Қытайдың экономикалық проблемаларын, оның АҚШ-пен, Еуроодақпен сауда қатынасының қиындауы да күрделендіре түсті.

Қытай билігі өндіріс қарқынын қалпына келтіру үшін, ішкі сұранысты көбейтуге көңіл бөлуде. Guotai Junan International компаниясының бас экономисі Чжоу Хао: «Саясаткерлер экономиканы қолдау үшін фискалдық шараларға көшуді жоспарлап отыр, өйткені валюталық қысымға байланысты ақша-несие саясатын жеңілдетуге шектеулер бар», – деді.

Жапониядағы қор нарығы 2024 жылдың екінші жартысында баяу өспек

Инвесторлар 2024 жылдың екінші жартысында Жапонияның қор нарығының өсуі баяулайды деп топшылайды. Бұл ақша активінің басқа бәсекелес нарықтарға жылыстауына әсер етпек деп жазады Bloomberg. Агенттіктің сауалнамасына қатысқан қор менеджерлері мен стратегтер орта есеппен алғанда, Topix базалық индексі 2024 жылдың соңына қарай 2,9%-ға, яғни 2890 пунктке дейін өседі деп шамалайды. Ал Nikkei 225 Stock Average шамамен 4,8%-ға өсіп, 41 489-ға жетпек.

Йенаның әлсіреуі де нарыққа кері әсерін тигізеді. Оның үстіне, тұтынушылар мен компаниялар да шығынын қысқартып жатыр. «Жалпы алғанда, жапон акцияларының табысы азаяды деп ойламаймын», – деді Capital.Com Inc-тің нарықты талдаушы маманы Кайл Родда. Оның сөзінше, елдің қазіргі саясаты мен экономикасындағы байқалып тұрған үрдістер аса қауіпті емес.

Ал инвесторларды йенаның әлсіреуі айтарлықтай уайымдатады. Нарықтың кейбір қатысушылары 1 доллар 170 йен болады деп топшылайды. Жұма күні бір доллар 161 йенге жетіп, валюта едәуір әлсіреді. Бұл жапониялық экспорттаушыларға тиімді және акция бағасының көтерілуіне әсер ететін фактор – жалақының өсуін тежейді.

Валютаның әлсіреуі және экономиканың өсу қарқыны баяулай берсе, кейбір шетелдік инвесторлар Жапониядан басқа нарықтарға кетіп қалуы мүмкін. Шанхай қор биржасының жиынтық индексі 14 қатынасымен саудаланып жатқанда, Topix-тегі баға мен пайданың арақатынасы 17 болып тұр. Шетелдік инвесторлар жапониялық акцияларды бес апта бойы сатып жатыр. Бұл – 2023 жылғы наурыздан бергі ең ұзақ серия.

Russell Investments Group LLC-дің инвестиция жөніндегі стратегі Александр Коусли: «Біз Жапония Қытайдан артта қалуы мүмкін деп ойлаймыз, бірақ бүкіл Азиямен салыстырғанда оның жағдайы әлі де жаман емес, – деді.  – Қытайлық акциялар жапониялық және әлемдік акцияларға қарағанда айтарлықтай арзан». Дегенмен көпшілік Жапонияға әлі де зор үмітпен қарайды.

BlackRock жапон акцияларына белсенді инвестиция салуды тоқтатқан жоқ. Bank of America-ның маусымда жүргізген сауалнамасы бойынша, қор басшыларының ойынша Жапония әлі де аймақтағы ең тартымды нарық.

Уоррен Баффет және басқа да миллиардерлер энергетика компанияларының акциясын сатып алып жатыр

Уоррен Баффет сияқты миллиардерлер энергетикалық компаниялардың акцияларына қомақты қаражат салуда. Мәселен, маусымның бірінші жартысында ғана Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы Occidental Petroleum-ға 434,8 миллион доллар инвестиция салды. Миллиардер Карлос Слим басқаратын мексикалық Control Empresarial de Capitales инвестиция компаниясы PBF Energy-ге 75,5 млн доллар қаржы құйды деп жазады Bloomberg.

Hennessy Energy Transition Fund-тың сарапшысы Бен Куктың айтуынша, қазірде энергетика секторындағы компаниялардың көбісі мұнайдың қымбаттауының арқасында қарызын азайтып, акция сатып алып, дивидендтерін көбейтіп жатыр. «АҚШ-тағы рецессиядан қауіптенудің салдарынан, энергетика компанияларының акциялары арзандай түсті», – дейді Кук. – Инвесторлар сәуір айынан бері энергетика компанияларының акцияларын қызу сата бастады, баға тұрғысынан алғанда бұл акциялар елді әжептәуір қызықтырады».

Оның пікірінше, әлемдік экономиканың өсу қарқынына орай, WTI 2024 жылдың соңына дейін және келесі жылы да 80-85 доллар аралығында сауда жасай бермек. Бұл сұранысқа жасанды интеллектіге қатысты дүрлігу де ықпал етеді. «Бір жыл бұрын инвесторлардың біразы жаңартылатын энергияға ойысу нәтижесінде жақын арада мұнай мен табиғи газды тұтыну азаяды деп ойлаған болатын. Бірақ жасанды интеллект саласындағы серверлік фермалардың электр қуатын көп тұтынуы жағдайдың өзгеруіне себеп болды», – дейді Кук.