АҚШ-тың Әділет министрлігі Boeing-ті ұшақ апаттары жөнінде алаяқтық жасады деп айыптамақ

Жарияланды
Фарнборо халықаралық әуе салонындағы Boeing 737 MAX ұшағы / Фото: Reuters/Peter Cziborra/File Photo

АҚШ-тың Әділет министрлігі Boeing корпорациясына қылмыстық алаяқтық жасады деген айып тақпақ деп жазады Bloomberg дереккөздерге сілтеп. Компанияның таңдау жасауына бір апта беріледі: не кінәсін мойындап, қосымша айыппұл төлейді немесе соттасуға тәуекел етеді. Биыл Boeing туралы жағымсыз жаңалық естуге инвесторлардың еті үйреніп қалғандай. Сондықтан олар бұл хабардан аса шошына қоймас деп топшылайды Barron’s.

Толығырақ

Boeing кінәсін мойындау не мойындамау жөнінде апта соңына дейін шешім қабылдауға тиіс. Bloomberg-ке ақпарат бергендердің айтуынша, Әділет министрлігінің өкілдері 30 маусымда бұл жөнінде 2018-2019 жылы Boeing-тің екі 737 Max ұшағының апатынан қаза тапқан құрбандардың отбасы мен адвокаттарына хабарлаған.

Агенттікке мәлімет берушілердің сөзіне сенсек, министрлік Boeing-ке 243,6 млн доллар көлемінде қосымша қылмыстық айыппұл төлеуі тиіс екені жайлы мәлімдемек. Әуе компаниясы бұдан бұрын да, 2021 жылы қылмыстық қудалауды тоқтату үшін тура осындай сома төлеген болатын. Енді айыппұлдың толық сомасы жарты млрд долларға жетпек. Оған қоса, концерн үш жылға тәуелсіз бақылаушы жалдауға тиіс болады.

Апаттан қаза тапқандардың жақындары Boeing-тен 25 млрд доллар төлеуді талап еткен еді. Министрлік белгілеп отырған қазіргі айыппұл сомасы бәрібір одан әлдеқайда аз. Оның үстіне, министрлік компания 14 млрд-тан 22 млрд долларға дейінгі ақшаны тәуелсіз мониторингке төлеп, өзінің қауіпсіздік бағдарламасын жақсартқаны дұрыс деп санайды.

CNBC-тің жазуынша, қайтыс болған құрбанның туыстары жалдаған адвокаттардың бірі Пол Кассел Әділет министрлігінің Boeing-ке қойған бұл талабы шыбын шаққан құрлы болмайтынын айтты.

Контекст

Мамыр айында АҚШ-тың Әділет министрлігі Boeing-ті 2021 жылы бекітілген бейбіт келісімді бұзды деп айыптады. Сол келісімнің арқасында, Boeing АҚШ-тың федералды авиациялық басқармасының (FAA) қылмыстық қудалауынан біраз уақытқа құтылған еді. 2018 жылы Индонезияда, сосын 2019 жылы Эфиопияда екі бірдей 737 MAX лайнері апатқа ұшырап, 346 адамның өмірін қиған. Сол апаттардан кейін компания қылмыстық қудалауға ұшырауы тиіс болатын.

Boeing Әділет министрлігімен 2,5 млрд доллар төлеуге келісім жасасқан. Компания 243,6 млн доллар айыппұлдан бөлек, қайтыс болған жолаушылардың отбасына өтемақыға 1,77 млрд доллар, әуе апатының құрбандарына арналған қор құруға 500 млн доллар беруді мойнына алған болатын.

Акция жайы

Barron’s-тың есептеуінше, инвесторлар дүйсенбі, 1 шілде күнгі, саудада «аздаған өзгерістерге» дайын болуы керек.

Жыл басынан бері Boeing акцияларының бағасы 30%-ға құлдырады. Оған Alaska Airlines компаниясының 737 MAX 9 ұшағына қатысты оқиға себеп болды: кезекті рейс кезінде ұшақтың есіктегі тығыны ұшып кеткен.

Barron’s негізге алып отырған кейбір есептеулер бойынша, қаңтардағы оқиға Boeing-тің нарықтағы бағасын шамамен, 41 млрд долларға кеміткен. Бұл соманың ішінде қаңтардағы апаттан кейінгі қосымша шығындар мен айыппұл да бар.

FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылар Boeing акциялары лайықты бағаланбады деп санайды. Олар ұсынған орташа мақсатты баға бір акцияға шаққанда – 213,45 доллар. Бұл оның қазіргі нарықтағы бағасынан 17,3%-ға жоғары. FactSet мәліметтері бойынша, компания қағаздарының рейтингі – 31, оның ішінде сату жөніндегі ұсыныс екеу ғана.

Сондай-ақ оқыңыз