Францияда парламент сайлауының бірінші турынан кейін, акция қымбаттап, евро бағамы көтерілді
Еуропалық қор индекстері мен евро бағамы дүйсенбі күнгі сауда басында күрт көтерілді. Франциялық CAC 40 екі жыл ішіндегі ең жақсы деңгейге көтерілді. Нарыққа Франциядағы парламенттік сайлаудың бірінші турының нәтижесі әсер етті. Нәтижелерге қарағанда, Марин Ле Пеннің «Ұлттық бірігу» әсіре оңшыл партиясы парламентте абсолютті басымдыққа жете алмайтын сияқты.
Толығырақ
Франция парламентіне сайлаудың бірінші турының қорытындысы бойынша, оңшылдардың «Ұлттық бірігу» партиясының жеңісі көпшілік күткеннен әлдеқайда әлсіз боп шықты. Осыдан кейін Франция нарықтары өсіп, евро нығая түсті. Марин Ле Пен партиясының әлсіз жеңісі екінші турда оның парламентте айқын басымдыққа қол жеткізуі екіталай екенін көрсетті, сондықтан оппоненттер қазірден-ақ оңшылдарды билікке жақындатпаудың стратегиясын әзірлеп жатыр.
Сауда басында франциялық «көгілдір фишка» индексі CAC 40 2,8%-ға өсті. MarketWatch мәліметтері бойынша, бұл екі жылдағы ең жоғарғы өсім. Bloomberg-тің жазуынша, CAC-40 фьючерстері шамамен 3%-ға дейін көтерілді. Еуропалық Stoxx 600 индексі 1%-ға артқан. Ең жоғары көтерілген банк акциялары болды: Societe Generale, BNP Paribas пен Credit Agricole 5%-дан аса қымбаттады дейді Bloomberg.
Евро бағамы да маусымның ортасынан бергі ең жоғары деңгейге, яғни 0,6%-ға өсті. Еуропадағы несие тәуекелі 13 маусымнан бері қарай алғанда, ең төменгі шекке түсті.
Сарапшылар не дейді?
Сайлаудың бірінші турына дейін инвесторлар Франциядағы әсіре оңшылдардың жеңісінен қауіптенді. Себебі олар популистік бюджет саясатынан және банктерге қарсы іс-шаралардан әрі Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Лиз Трасстың іс-әрекетінен кейінгі дағдарыс сияқты жағдайлар туады деп қорқады.
Егер «Жаңа халықтық майдан» солшылдар блогы екінші турда Ле Пен жақтастарының жеңіске жетуіне жол бермесе, бұл француз және германиялық облигацияларының кірістілігінің айырмашылығына және евро бағамына әсер етуі мүмкін. Bloomberg стратегі Вен Рам неғұрлым центристік үкімет евроға қолайлы болып, спредті кішірейтеді деп санайды.
Франция ІІМ-нің мәліметтері бойынша, әсіре оңшыл «Ұлттық бірігу» бірінші турда болжамды 36%-дың орнына, шамамен, 33% дауыс жинады. Солшылдардың «Жаңа халықтық майдан» партиясы 28% дауыс жинаса, президент Эммануэль Макронның центристік альянсы 20,8% дауысқа ие болды.
Егер Ле Пен партиясына қарсы альянстар сенім артуға лайық көрінсе, франциялық нарықтар қалпына келуі мүмкін дейді XTB-ның зерттеу директоры Кэтлин Брукс. Оның айтуынша, жаңа француз парламентінде үстем күштің болмауы – нарыққа қолайлы, өйткені мұндай жағдайда депутаттарға популистік шешімдерді алға тарту, іске асыру оңай болмайды.
Контекст
Макронның Франция парламентін тарату және мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімі Еуропадағы қор нарықтарын дүр сілкіндірді. CAC 40 индексі маусымның соңғы 20 күнінде 6,5%-ын жоғалтты. Инвесторлар қауіпсіз неміс облигацияларымен салыстырғанда 10 жылдық француз облигацияларына иелік ету үшін қосымша кірісті талап етеді. Соңғы екі аптада бұл көрсеткіш те Еуроаймақтағы дағдарыс кезіндегідей шарықтап кетті. Евро бағамы мамыр айы басталғалы бері ең төменгі деңгейге дейін құлдыраған еді.
Франция облигацияларының кірістілігінің «айтарлықтай және тұрақты қалпына келуі» қиын дейді MFS Investment Management өкілі Питер Говес. Биыл 5,3% деңгейінде болады деп болжанған Франция бюджетінің тапшылығы ЕО ережелерінде белгіленген ЖІӨ-нің 3% деңгейінен әлдеқайда жоғары болып тұр.