Халық қарызын қайтаруға асықпайды: Қазақстан банктерінің балансында 1 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
1 трлн теңге несиенің төленбегіне үш айдан асқан / Фото: shutterstock.com

Қазақстан банктерінің балансында 90 күн бойы төленбеген (NPL 90+) 1 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар. Үш ай бойы төленбеген қарыз көлемі банктердің несие порфелінің 3,2 пайызын құрайды. Жыл басында бұл көрсеткіш 2,9 пайыз болған.

Яғни алған несиесінің төлемін 90 күн кешіктіргендер саны да, төлемеген қарыз көлемі де артқан. Жыл басында мерзімі өткен берешек мөлшері 864 млрд теңге болған. 5 айдың ішінде NPL 90+ қарыз 136 млрд теңгеге өскен.

Соның ішінде бизнеске берілген қарыздар бойынша NPL90+ деңгейі 2,2%-ды немесе 283 млрд теңгені қүрайды. Ал халыққа берілген кредиттер бойынша 4%-ға жетіп, 716 млрд теңгені құрап отыр. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу де жоғары: 72,3% деңгейінде сақталған.

Осы уақыт аралығында халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы мамырмен салыстырғанда 1,3% өсіп, 18,0 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері 7,8%-ға көбейген. Қазіргі кезде халықтың мойнында 11,3 трлн теңге тұтынушылық несие бар.

Ал банктерде жинаған депозит көлемі 34,5 трлн теңгені құрайды. Оның 15,3 трлн теңгесі заңды тұлғаларға тиесілі болса, 19,2 трлн теңгесі – жеке тұлғалардың қаражаты.

Қазақстан банктері 2024 жылдың 5 айында 975,4 млрд теңге жиынтық кіріс алған. Қаржы ұйымдарының таза табысы кейінгі бір айда 25,5% өсіп, 776,7 млрд теңгеден 975,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,1% артық.

Қазіргі кезде банктердің жалпы актив жиынтығы 53,3 трлн теңгені құрайды. Айма-ай салыстырғанда 1,8 пайызға өскені байқалады. Осы активтердің 28,8 трлн теңгесі – клиенттерге қойылатын талаптар.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 15,8 трлн теңгеге тең. ҚНРДА-ның жазуынша, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар. Оның 11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і -еншілес банк.

Сондай-ақ оқыңыз