«Баян Сұлу» фабрикасы не үшін нарықтан қосымша қаржы тартып жатыр?

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
«Баян Сұлу» нарықтан қосымша қанша қаржы тартпақ?/Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы не үшін қарапайым акция шығарып, қосымша 5,3 млрд теңгеден 44,2 млрд теңгеге дейін қаржы тартып жатқанын айтты. KazFoodProducts бас директоры (86,14 пайыз үлесі бар ең ірі акционер) Әлихан Талғатбектің айтуынша, компания құны миллиардтаған теңгені құрайтын жаңа өндіріс кешенін салғысы келеді. Бұл туралы ол «Курсив» сайтының сауалына берген жауабында айтты.

Өткен аптада «Баян сұлу» 2010 жылғы 2 сәуірдегі шығарылған бағалы қағаздар (100 миллион акция) шегінде 35,3 миллион қарапайым акция орналастырған. Акционерлер бірінші бас тарту құқығымен сатып алса, орналастыру бағасы бір қарапайым акцияға 150 теңгені құрайды. KASE арқылы бағалы қағаз сатып алатын инвесторлар үшін бір акция құны 1 250 теңгені құрайды.

Бірінші бас тарту құқығы компанияның қазіргі акционерлеріне тиесілі. Олар бағалы қағаздарды қолда бар санына сәйкес, тең шарттармен сатып ала алады. Меншік иелері алмаған акциялар биржада сауда-саттық кезінде андеррайтерлер арқылы сатылады.

Әлихан Талғатбек Қостанайдағы кондитерлік фабриканың құрылысы бойынша ауқымды инвестициялық бағдарламаға қаржы тарту үшін қосымша эмиссия жүргізіліп жатқанын айтты. Жобаның жалпы құны 14,3 млрд теңгені құрайды. Оған жеке және қарыз қаржысы құйылады.

«Жаңа кәсіпорын Қостанай облысында кондитерлік өнім өндірісінің көлемін айтарлықтай арттырады. Қазақстанда баламасы жоқ заманауи өнімдерді шығару, сонымен қатар өнім желісін кеңейту және қазақстандық қамту үлесін арттыру жоспарланған. Жоба аясында қазір жер телімі сатып алынып, жоба-сметалық құжаттары дайындалды», – деп қосты KazFoodProducts басшысы.

Жаңа өнім бәсекеге қабілетті болып, ішкі сұранысты қанағаттандырып, экспортқа шығарылмақ. Мысалы, компания кондитерлік өнімін Қытай, ТМД елдері және Еуроодаққа сатады. Негізінен өнім (жалпы көлемнің 78%) Ресейге экспортталады.

Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазір кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. «Баян сұлу» компаниясының өкілі кондитерлік фабриканың «көп жылдар бойы өнім көлемі мен ассортиментін арттыруға тұрақты түрде инвестиция салып келе жатқанын» атап өтті.

«Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы 1993 жылы құрылған. Оның ең ірі акционері (86,14%) – кәсіпкер Ерлан Баймұратовтың KAZFOODPRODUCTS компаниясы (Forbes рейтингінде «Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері – 2024» рейтингінде 65-орынға ие болды). Ол сонымен қатар «Баян Сұлудың» соңғы бақылаушы иесі ретінде көрсетілген. БЖЗҚ-ға – 8,51% акциясы, 5 пайызы – компанияның бірінші директоры Тимур Садықовқа тиесілі.

Зауыттың 2023 жылғы таза табысы 1,5 есеге азайып, 2,8 млрд теңгені құрады. Түсім 13,6%-ға өсіп, 55,5 млрд теңгеге жеткен. Активтер 6,5 пайыз азайып, 53 млрд теңгені құраса, міндеттемелер 22,7% қысқарып, 17,8 млрд теңге болған. Меншікті капитал 10,8%-ға өсіп, 29,4 млрд теңгеге жетті.

Сондай-ақ оқыңыз