Жаңалықтар

Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің құрамына енді

Ерұлан Жамаубаев
Ерұлан Жамаубаев жаңа қызметке тағайындалды. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Самұрық-Қазына» әл ауқат қоры директорлар кеңесі құрамына енді.

Қордың жалғыз акционерінің шешімімен директорлар кеңесінің құрамынан Әсет Ерғалиев шығарылған.

Қазіргі кезде қордың директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады. Олар: Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Нұрлан Байбазаров, Нұрлан Жақыпов, Лука Сутера, Ерұлан Жамаубаев және Мохаммед Джамиль Аль Рамахи.

Ерұлан Жамаубаев 2020 жылдың мамырынан 2024 жылдың ақпанына дейін Қаржы министрі қызметін атқарды. Сол жылдың 20 мамырында Жамаубаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалған.

«Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар.

26 маусымда қаржы есебін жариялаған «Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасы 10%-ға азайып, 2,12 трлн теңгені құрағаны белгілі болды.

Көрсеткіш негізінен шығындардың 4,5 есе артуы және басқа операциялық шығыстардың ұлғаюы есебінен төмендеді. Қаржылық шығын да өсті (710 млрд теңгеге дейін) және бірлескен және шоғырландырылған компаниялардың таза пайдасы 1,5 есеге (945 млрд теңгеге дейін) азайды.

Бұл ретте жалпы пайда мен операциялық қызметтен түскен пайда аз ғана өсті. Кірісі 15,4 трлн теңгеге жетті. Бұл 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 4,1%-ға артық. Мемлекеттік субсидиялар көлемі 14,3%-ға өсіп, 61 млрд теңгеге жетті.