Жылдық инфляция 8,4%: Қазақстанның 9 өңіріндегі инфляция республикалық орташа деңгейден асып кеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жылдық инфляция деңгейі қанша?/ Фото: shutterstock.com

Маусым айында Қазақстандағы жылдық инфляция 8,4%-ды құрады. Ал айлық инфляция 0,4 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Айлық инфляция көрсеткіші мамырмен бірдей. Алайда еліміздің 9 бірдей өңірінде инфляция республикалық деңгейден жоғары қалыптасқан.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ақылы қызмет ақысы бір жылда 13,8% өскен. Азық-түлік емес тауарлар бағасы– 7,4% (2024 жылғы мамырда – 7,6%) көтерілген. Ал азық-түлік тауарларының бағасы 5,4% өскен.

Былтырғы маусыммен салыстырғанда коммуналдық қызмет бағасы қатты қымбаттағаны байқалады. Су бұру бағасы – 43,5%, суық су – 36,7%, орталықтан жылыту – 33%, электр энергиясы – 31,7%, қоқыс шығару – 30,7%, ыстық су 30,4% өсті. Тұрғын үйді жалға алу құны да 11,1% қымбаттаған.

Маусым айында еліміздің 9 өңірінде инфляция респуликалық деңгейден асып кеткен. Қарағанды облысында елдегі ең жоғары көрсеткіш қалыптасқан. Бұл облыстағы инфляция -10,8 пайыз. Ал Маңғыстау облысындағы инфляция 10,3 пайызды құрайды. Үштікті Астана қаласы түйіндейді. Бас қаладағы жылдық инфляция – 10,1%.

Инфляцияның жылдық деңгейіне тұрғын үй қызметтері (2,3 пайыздық тармақ), азық-түлік және алкогольсіз сусындар (2 пайыздық тармақ), киім және аяқ киім (1,1 пайыздық тармақ) үлкен үлес қосқан.

Мамыр айында Қазақстандағы жылдық инфляция 8,5%-ды құрады (сәуірде – 8,7%). Ал айлық инфляция 0,6%-дан 0,4%-ға төмендеген. Жыл басында еліміздегі инфляция деңгейі 9,8 пайыз болған.

ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, 2024 жылдың соңында инфляция 8,3 пайызға төмендейді. Бұл алдыңғы болжамнан 1,2 пайыздық тармаққа жоғары. Ал Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) миссиясы жыл соңына қарай Қазақстанда инфляция 8% болады деп болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз