Жаңалықтар

ForteBank, «ҚазМұнайГаз» және Air Astanа акциялары себеп: Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық 50 пайызға қысқарған

сауда-саттық
Үш компанияның акцияларымен сауда-саттық азайған. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Мамыр айында Қазақстан қор нарығында акциялармен сауда-саттық бірден 47,6% кеміген. Оған ForteBank, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» және «Эйр Астана» АҚ  акцияларымен сауданың азаюы себеп болған. Сәуір айында акциялар сауда-саттығы 21 млрд теңгеден асса, мамыр айында бұл көрсеткіш 11,3 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан.

11,3 млрд теңгенің басым бөлігі (11,2 млрд теңге) қайталама нарықтан түскен. 2024 жылдың бес айында акциялардың сауда-саттық көлемі 144,3 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,8%-ға өсті.

Акциялар нарығын капиталдандыру 30,9 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 15,6 пайызға артқан. Реттеуші капиталдандырудың өсімін KASE индексінің өкілетті тізіміне енген акциялар бағасының өсуімен байланыстырады. Өткен айда «Банк ЦентрКредит» (+12,3%), Kaspi.kz (+4,7%) және «Қазатампром» ҰАҚ(+2,4%) акциялары қымбаттаған. Қазіргі кезде «Қазатомөнеркәсіптің» бағалы қағаздары – 19,1 мың теңге, Kaspi.kz – 62,72 мың теңге, ЦКК – 1,82 мың теңгеге саудаланды.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан қор биржасының сауда тізімдерінде 85 эмитенттің 100 түрлі акциясы бар. «KASE Global» секторында 46 түрлі акция, 55 шетелдік эмитенттің 12 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі бір айда 37,5%-ға немесе 0,8 млрд теңгеге азайып, 1,4 млрд теңгені құрады.

Мамыр айында KASE индексі 0,5%-ға, 5 038,6 тармаққа дейін өсті. 2024 жылдың басынан бастап 20,3% көтерілген.