Жаңалықтар

Екібастұз әкімдігі қаладағы жылу-электр станциясында төтенше жағдай жарияламақ

Аким Экибастуза собирается объявить режим ЧС на ГРЭС-1
Нысанда төтенше жағдай жарияланады. Фото: gres1.kz, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Екібастұз МАЭС-1-дегі апатқа байланысты төтенше жағдай енгізілмек. «Объектілік ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» құжат «Ашық НҚА» порталына жарияланған.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің қолы қойылған құжат сайтқа 30 маусым күні жүктелген. Ашық талқылау 1 шілде күні аяқталады.

«Energy Solutions Center» ЖШС-де орын алған авариялық жағдайға байланысты Екібастұз қаласында объектілік ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жариялансын», – делінген қаулыда.

Апатты жоюға «Energy Solutions Center» ЖШС-нің (маусым айында Екібастұз ЖЭО-ны бақылауына алған «Самұрық-Энергоның» еншілес ұйымы) бас директоры Айдарбек Қыстаубаев жауапты болып тағайындалмақ.

Бұл шешім Екібастұз қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссиясы кезектен тыс отырысында 28 маусым күні шығарылған. Сол күні Екібастұз қаласындағы МАЭС-1- де бірден 4 жылу блогының жұмысы тоқтаған. Апат салдарынан электр энергиясын өндіру 6,5 есе қысқарған болатын. Сол күні кешке станция жұмысы қалпына келтірілді.

Бұған дейін Екібастұз ЖЭО-сын одан әрі жаңғыртуға Үкімет резервінен 3,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа қазандық агрегаты мен су магистралі салынады. Мұндағы қазандық агрегатын күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге, су магистралін салуға 988 млн теңге жұмсалмақ.

«Екібастұз МАЭС-1» негізі 1996 жылы қаланған. Оның иесі – «Самұрық-Энерго» компаниясы. Ал бұл компанияны «Самұрық-Қазына» қоры арқылы мемлекет иеленеді.

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі электр станциясы және әлемдегі ең ірі көмір электр станцияларының бірі. Оның қуаттылығы 3500 МВт, орнатылған қуаты – 4000 МВт құрайды. 2022 жылдың қарашасында Екібастұз МАЭС-1»-де ірі апат орын алып, 30 градус аязда қала жылусыз қалған.