Бюджетке 312 млрд теңге қайтарылды, оның 63 млрд теңгесі шетелден қайтқан

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Активтерді қайтару бойынша бюджетке 312 млрд доллар қайтарылды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Бас прокуратура ел бюджетіне 312 млрд теңге, оның ішінде шетелден 63 млрд теңгені қайтарды. Бұған қоса, құны 50 млрд теңге болатын 513 мың гектар жер қайтарылған.

Бас прокуратура 2024 жылдың І жарты жылдығының жұмысын қорытындылау туралы есеп жариялады. 

«Активтерді қайтару бойынша мемлекетке 312 млрд теңге, оның ішінде шетелден – 63 млрд теңге қайтарылды. 50 млрд теңгеге 513 мың гектар олигополия жері тәркіленді», – делінген есепте.

Бұдан бөлек, прокуратура көмегімен 87 мың адамның құқықтары қалпына келіп, 3 мың қызметкерге жалпы көлемі 202 млн теңге болатын жалақы берешегін қайтарып берген.

Прокуратура 32 трлн теңге көлемінде 770 инвестициялық жобаға қолдау көрсету үшін 350 инвесторға көмектескен. Олардың экономикаға қосқан үлесі 6,4 трлн теңгені құрады. 44 мың кәсіпкердің құқықтары қалпына келіп, оларға қатысты мемлекеттік органдардың 6 мыңнан астам тыйым салу және шектеу шараларын жойған.

Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 2,5 млн адамның құқықтары қалпына келген. Бюджетке 41 млрд теңгеге залал өтеліп, 167 қылмыстық іс қозғалып, 75 адам сотталды.

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясын» құру көзделген еді. Комиссияның құрамында Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.

Президент жарлығымен заңсыз иемденілген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанына құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» өз жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады. 

Сондай-ақ оқыңыз