Франциядағы парламенттік сайлау: Макрон билігіне қауіп бар ма?
30 маусым Франциядан парламенттік сайлаудың бірінші туры өтті. Экзит-пол нәтижесінде оңшылдар билікке келуі мүмкін. Соңғы рет олар нацистік Германия оккупациясы кезінде билікте болған.
DW басылымының ақпаратына сүйенсек, алдын ала болжам бойынша Марин Ле Пен мен Джордан Барделланың «Ұлттық бірлестігі» бірінші турда көш бастап тұр. Президент Эммануель Макронның «Бірге» альянсы әзірге үшінші орында.
Дәлірек айтқанда, «Ұлттық бірлестікте» 34% дауыс бар, олар парламентте 230-дан 280-ге дейін орын алу мүмкін.
Екінші орында — «Жаңа Халық майданы» солшыл коалициясы. Жан-Люк Меланчон, социалистер, коммунистер және «жасылдар» басын қосқан солшылдар альянсы 28% жинап, 125-тен 165-ке дейін мандат иемденуі мүмкін.
Президент Макронның «Бірге» альянсы 20% дауыспен 70-тен 100-ге дейін орын ала алады.
577 орындық парламентте көп дауыс жинаған партия премьер-министрді тағайындайды. Ал президент биліктен кету-кетпеу туралы шешімді өзі қабылдайды. Макрон биліктен кетпейтінін айтқан.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, «Ұлттық бірлестік» жеңіске жетсе, бұл олардың нацистер оккупациясынан кейінгі алғашқы жеңісі болмақ.
Алайда бірінші тур нақты есеп болмайды. Әрбір сайлау округіндегі ең үздік 7 үміткер екінші турға түсіп, соның ішінен үздік болған партия парламенттен көп орын алады.