Грекиядағы орман өрті: яхтаны жалға алған Forbes тізіміндегі миллиардер Әбілғазин айыптауды жоққа шығарды
21 маусымда Грекияның Идра («Гидра» деп те атайды – редакция) орман өртіне себеп болған яхтаны жалдаған қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазин өзіне және сол күні өзімен бірге серуендеген Қазақстан азаматтарына тағылған айыпты жоққа шығарды. Миллиардердің мәлімдемесін қазақстандық Forbes журналы бөлісті.
Кәсіпкердің айтуынша, Грекия аралдарында круиз ұйымдастыру үшін 15 маусым күнгі сағат 12:00-ден 22 маусым күнгі сағат 12:00-ге дейін «Персефони I» яхтасын жалға алған. Кейбір қонақтар 21 маусым күні таңертең кетіп қалған. Кетер алдында қазақстандықтармен Грекия билік органдарының өкілдері сөйлесіп, ешқандай шағым түсірмеген.
«Елге қайтып оралғаннан кейін, баспасөзде жазылған айыптаулар күтпеген жағдай болды. Осы мәселеде бізге қатысты кез келген құқық бұзушылық туралы ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарамын.
Біз өрт тудыратындай әрекет жасаған жоқпыз. Яхтадағы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтадық. Мен де, менің қонақтарым да яхта экипажынан немесе үшінші тараптардан өртке әкелуі мүмкін қандай да бір әрекеттерді жасауды сұрамадық.
Барлық қажетті қауіпсіздік шараларын ұстанып, мұндай оқиғаларды болдырмау үшін заңдар мен нормаларды қатаң сақтаймыз. Тергеуге қатысты грек билігімен байланыста боламыз», – делінген хабарламада.
Данияр Әбілғазин қазақстандық Forbes тізімінде ең бай бизнесмендер тізімінде 21-ші орында тұр.
Айта кетейік, 27 маусым күні Грекия прокуратурасы Гидра аралында орман өртіне байланысты сегіз қазақстандыққа айып таққаны туралы ақпарат таратты. Грек басылымдары кінәлі адамдардың аты-жөнін нақты жазбады. «Курсив» Грекия прокуратурасының Қазақстанмен байланысқа шыққан-шықпағанын анықтау үшін Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. Әзірге СІМ жауап бермеді.
Құқық қорғау органдары Грекия аралындағы орманды өртеді деп айыпталған яхта капитаны мен оның көмекшісін ұстағанын жаздық. Ақпаратқа сәйкес, экипаждың өзге он бір мүшесі кепілге босатылды. Барлық күдікті кінәні жоққа шығарып отыр.
Тергеу мәліметтері бойынша, яхтадан атылған отшашу кесірінен аралдағы жалғыз қарағайлы орман өртенген.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мен Forbes тізіміндегі қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазин Persephoni I яхтасында болған болуы мүмкін.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, туристер отшашуынан Грекияның Гидра аралында өрт тұтанған. Кемедегі жолаушылардың тізімін OCCRP журналистері қолға түсірді. Шаяхметова мен Әбілғазиннің өкілдері «Курсивке» бұл ақпарат бойынша түсініктеме берген жоқ.
Оқиға болған күні ертеңіне Данияр Әбілғазиннің ұшағы Афинадан Алматыға ұшып кеткен. Журналистердің жазуынша, ұшақта Үміт Шаяхметованың күйеуі мен қызы, Данияр Әбілғазиннің әйелі және тағы бірнеше адам болған
21 маусымда кешке Грекияның Идра аралында 13 турист жалдамалы яхтада отшашу атқан. Салдарынан қарағайлы орман өртке оранған. Туристер өртті сөндіруге тырысып, кейіннен оқиға орнынан қашып кеткен. Арал мэрі Джоргос Кукулакис оларды сотқа беретінін айтты. Полиция туристерді ұстап, кейін грекиялық БАҚ олардың Қазақстанға қатысы бар азаматтар екенін жазған.