2024 жылы үш айда Қазақстан Қырғызстан экономикасына 12 млн доллар инвестициялаған
2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан Қырғызстан экономикасына 12 млн доллар инвестициялап, көрші ел экономикасына қолдау көрсетіп отырған үздік 6 елдің қатарына кірген.
Кактус.Медиа басылымының ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан Қырғызстан экономикасына 12 676 500 доллар инвестициялаған. Осылайша еліміз қырғыз экономикасына қолдау көрсеткен үздік 6 ел қатарында тұр.
Дәлірек айтқанда, жылдың бастапқы тоқсанында Қытай 52 млн доллар, Ресей 39 млн доллар, Түркия 26 млн доллар, Нидерланд 19 млн доллар, Қазақстан 12 млн доллар инвестиция құйған.
Жалпы алғанда 2024 жылдың I тоқсанында Қырғызстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 200,3 млн долларды (+17,2%) құрады.
2023 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 844,8 млн доллар болған.
17 сәуірде Астанада өткен Қазақстан мен Қырғызстанның бизнес-форумы аясында екі елдің бизнесмендері жалпы сомасы 300 млн долларды құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойды. Онда күн электр станцияларын, ферроқорытпа зауытын, Қырғыз Республикасының аумағында тарату орталығын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы және тағы басқалар салалардағы жобаларды іске асыру мәселелері қамтылмақ.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы қаулыны жария етті.
Құжатта екіжақты экономикалық ынтымақтастық негізінде теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестицияларына қолайлы жағдай жасайтыны мәлім болды. Әрбір тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар ерекше қорғалады.