Алматы әкімдігі қоғамдық көлікте жол жүру ақысын көтеріп, қолма-қол төлемді алып тастауды жоспарлап отыр

Жарияланды (жаңартылды )
тариф
Шаһар әкімдігі жол ақысын 120 теңгеге дейін көтермек / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Қала әкімдігі тиісті қаулы жобасын «Ашық НҚА» сайтында жария талқыға шығарды.

Қалалық мобилділік басқармасы 80 теңгелік тариф 2011 жылдан бері өзгермегенін және былтыр ғана 20 теңгеге өскенін хабарлады. Қазіргі уақытта Алматыда қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген кезде 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде 200 теңге мөлшерінде белгіленген.

Бұл ретте ведомство осы жылы қоғамдық көлікте жол жүру үшін орташа тариф 310 теңге, ал кейбір маршрутта 400 теңгеге жететінін атап өтті. Осыған байланысты жыл сайын тасымалдаушыларға төленетін субсидия мөлшері өсуде. Егер 2023 жылы 68,7 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы субсидияның болжамды сомасы 97,3 млрд теңгеге дейін өсті. Осылайша, қазіргі тариф бойынша субсидиялау мөлшері үнемі өсіп отырады.

«Қала тасымалдаушылары қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың автобус сатып алуға, жаңартуға және уақытылы қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүргізушілердің жалақысын көтеруге жұмсаған шығынды өтемейді деп бірнеше рет мәлімдеді. Тасымалдаушыларға және жергілікті бюджетке жүктемені ішінара азайту мақсатында қалалық қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға тариф белгілеу туралы қала әкімдігі қаулысының жобасы дайындалды. Жоба жол жүру тарифін 120 теңгеге дейін көтеруді көздейді. Тиісінше, азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін жол жүру құны тарифтің 50%-ы болады», – деп жазылған басқарма хабарламасында.

Сонымен қатар қоғамдық көлікте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жүру ақысын қолма-қол ақшамен төлеуді алып тастау көзделген.

«Бұл автобус жүргізушісіне көлік құралын басқаруға және ақша жинауға алаңдамауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады қала әкімдігі.

Қалалық мобилділік басқармасы жаңа тариф кезінде субсидиялаудың болжамды көлемі 2024 жылы 7 млрд теңгеден аса қысқаратынын атап өтті. Бұл қала тұрғындарының талабын ескере отырып, қоғамдық көлікте көп жүруді арттыруға қосымша қаржы жұмсауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, 26 маусым Жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығы Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы деп мәлімдеген. Қауымдастық хабарлауынша, қалада арнайы көлік жүргізуге рұқсаты бар кәсіби жүргізушілер аз. Бүгінде тапшылық 1000-ға жуық адамды құрайды.

Бұл ретте Мемлекет Алматыдағы көлік қаңқасының құруға 2,8-дан 4 трлн теңгеге дейін қаражат жұмсамақ. Бұл қоғамдық көлік қозғалысының орташа жылдамдығын 60%-ға арттыруға бағытталады. Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай оңтүстік мегаполистегі қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны жеке көлікте жүретіндер санынан асып түсу керек.

Сондай-ақ оқыңыз