Инвестициялық саясатты дамыту үшін кешенді құрылымдық реформалар қажет – Halyk Finance

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Сарапшы жуырда жарияланған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы жобасын сынға алды / Архив: kursiv.media

Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов 14 маусымда жарияланған 2029 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясат тұжырымдамасы жобасын сынға алды. Сарапшының пайымынша, құжатта бұрын қолданылған және тиімсіз деп танылған тәсілдер ұсынылған.

«Қазақстанда экономиканы басқарудың нарықтыққа қарағанда әміршіл-әкімшілік тәсілдері әлі де басым. Жаңа тұжырымдамада мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендету құралдары қарастырылмаған», – дейді Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі.

Сонымен қатар бизнесті ынталандырудың механизмдері дұрыс көрсетілмегенін атап өтті.

«Бұл бизнестің дамуын тежейді. Тиімсіз компаниялардың нарықтан кетуіне жол бермейді. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қазіргі шаралары ел экономикасына жеке инвестициялардың төмендеуіне әкеледі», – дейді маман.

Сонымен қатар Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлемені сынға алды. Оның пайымынша, бұл жоғары несиелік тәуекелге алып келеді. Әрі отандық бизнестің дамуына тосқауыл болады. Бұған қоса жеңілдетілген несиенің өзі қаржы жүйесіндегі өтімділікті арттырады. Инфляцияны жеделдетеді және базалық мөлшерлемені арттырады.

«Қазақстан Республикасының экономикасына жеке инвестицияларды ынталандыру үшін Үкімет бірінші кезекте жеке инвестицияларға тартымды болатын қолайлы нарықтық бизнес-ортаны құруы керек. Осы бағытта жұмысты күшейтуі қажет. Бұл жерде жеке саясат емес, кешенді құрылымдық реформалар қажет. Мысалы, адал бәсекелестікті дамыту, мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендету, салық және кеден заңнамасын жетілдіру, реттеуші және әкімшілік жүктемелерді азайту, реттеу тәсілдерін қайта қарау, бизнесті қолдау, қаржы нарығын дамыту тәсілдерін қайта қарау, заң үстемдігін сақтау, билік тармақтарының нақты бөлінуін күшейту, демократиялық институттарды дамыту және т.б.», – деп түйіндейді Halyk Finance сарапшысы.

Еске сала кетсек, Үкімет инвестициялық саясат тұжырымдамасы Ұлттық даму жоспарының 2029 жылға дейінгі мақсаттарын ескере отырып өзектендіріледі деп хабарлаған.

2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның халықаралық инвестициялық позициясы -67,8 млрд долларды құрады. Былтыр Қазақстанның халықаралық инвестициялық позициясы өзгермеген.

Сондай-ақ оқыңыз