Мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы сақтандыру ұйымдарының активтері 3,8%-ға 2,6 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл туралы ҚНРДА-ның сақтандыру секторы туралы шолуында жазылды.
Активтердің азаюына «KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-ны экспорттық-кредиттік агенттікке ерікті түрде қайта ұйымдастыру себеп болған.
1 маусымдағы жағдай бойынша активтер құрылымында ең көп үлес бағалы қағаздарға – 71,6% (1,8 трлн теңге), екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 4,7% (119 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешекке – 4,6% (118 млрд теңге) тиесілі.
Мамырдың қорытындысы бойынша сақтандыру нарығының негізгі көрсеткіштері төмендегідей: міндеттемелері «РЕПО» операцияларының өсуі нәтижесінде 0,6%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы нарық бойынша таза пайда 6,6 млрд теңге болды. 2024 жылдың басынан бері – 59,8 млрд теңге.
Жеке және заңды тұлғалармен жасалған сақтандыру шарттарының саны 1 950 мың шартты құрады. Бұл 2024 жылдың алдыңғы айымен салыстырғанда 0,2 %-ға кем. Ал жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 8 352 мың шартты құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,1%-ға артық. Негізгі өсім жазатайым оқиғалардан сақтандыру (1 651 мың шарт) және өмірді сақтандыру (556 мың шарт) бойынша шарттарға тиесілі.
Сақтандыру сыйлықақылары 109,2 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың басынан бері сақтандыру сыйлықақылары 545,0 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38,5%-ға көп.
Сақтандыру төлемдері 22,7 млрд теңге болды. 2024 жылдың басынан бері сақтандыру төлемдері 118,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21,0%-ға көп. Өсу, негізінен, қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің ұлғаюына байланысты. Жалпы мамырда барлығы 100,3 мың төлем, 2024 жылдың басынан – 537,9 мың төлем жасалған.
Айта кетейік, бұған дейін сақтандыру аннуитеті мен life-insurance саласын дамыту перспективасына шолу жасаған едік.