Жаңалықтар

ШЫҰ саммиті: Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террористік қауіптің «сары» деңгейі жарияланады

Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі жарияланады / kursiv.media

Астанада қауіпсіздік талабы күшеюде. 3-4 шілде күндері елордада халықаралық іс-шаралар өтпек.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне мемлекеттердің басшылары қатысады. Қытай Халық республикасының Төрағасы ресми жұмыс сапарымен келмек.

Осыған орай ҰҚК 2 шілдеден бастап 5 шілдеге дейін террористік қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейі белгіленетінін хабарлады.

Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін нысандарда терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі орнатылады.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша ерекше күзетілетін тұлғалар өтетін жерде тәртіп күшейеді.

Сары деңгей арнаулы органдарға мына шараларды жедел қолға алуға мүмкіндік береді:

  • жекелеген аумақтарда көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қозғалыстарына шектеу енгізеді;
  • кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, скверлерде, саябақтарда, магистральді теміржол желілерінде, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда, метрополитен объектілерінде, бұқаралық және жаппай іс-шаралар өтетін орындарда патрульдерді күшейтеді;
  • жарылғыш құрылғыларды анықтау және жою бойынша террористік тұрғыдан осал объектілерге және адамдар көп жиналатын орындарға, бұқаралық және жаппай іс-шараларға қатысушылардың қозғалуларының негізгі бағдарларына тексеру жүргізеді;
  • әуежайларда, метрополитен объектілерінде, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда жете тексеру іс-шараларын өткізу барысында арнайы техника құралдарын пайдалану арқылы режимдік шараларды күшейтеді.

«Құқықтық режим 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін объектілер аумағына және күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарына орнатылады», – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

ШЫҰ саммиті өтіп жатқан кезде стратегиялық нысандар мен қоғамдық орындар қатаң қадағалауда болады. Елорда әуежайы мен темір жол бекеттерінде күшейтілген және тәулік бойғы жұмыс режимі енгізілмек. Астанада жол кептелісін болдырмау үшін мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің 70 пайызы 2-4 шілде аралығында қашықтан жұмыс форматына ауыстырылады. 3-4 шілдеде мектепке дейінгі мекемелер де жұмыс істемейді.