Шілденің 3-4 күндері елордада өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитіне байланысты Астана әуежайы мен вокзалдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізу кезеңінде елорда әуежайында күшейтілген және тәулік бойғы жұмыс режимі қамтамасыз етілетін болады.
«Тұрақты рейстердің ұшуы кесте бойынша жоспарланған. Саммитті өткізу кезеңінде жұмысқа сала мамандары мен диспетчерлік құрам тартылды. Жүзден астам қызметкер резерв ретінде жұмылдырылып, елорда әкімдігімен бірлесіп шет тілдерін білетін еріктілер тартылып жатыр. Сондай-ақ Алматы және Қарағанды қалаларында қосымша әуежайлардың дайындығы көзделген», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Елордалық теміржол бекеттері де штаттық режимде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда теміржол көлігі Астана-1 станциясынан 23 бағыт бойынша тәулігіне 11 мыңға жуық жолаушыны, ал «Нұрлы жол» теміржол вокзалы бойынша тәулігіне 8 мың жолаушыны 19 маршрут бойынша тасымалдауда. Вокзалдар кешенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.
Еске салсақ, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитіне байланысты қалада қауіпсіздік режимі күшейгенін мәлімдеген болатын. Министр орынбасары, әсіресе, стратегиялық нысандар, мешіт пен шіркеулерге бақылау қатаңдатылатынын айтқан. Елорданың барлық кіреберісіне блок бекеттер орнатылды. Дегенмен сырттан келушілерге ешқандай шектеу қойылмайды.
Айта кетейік, ШЫҰ саммиті 3-4 шілдеде Астанада мүше мемлекеттердің, диалог бойынша бақылаушылар мен серіктестердің қатысуымен өтеді. Саммитке БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш қатысады. Қазіргі уақытта ШЫҰ-ға тоғыз мүше мемлекет кіреді – Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Ауғанстан, Беларуссия және Моңғолия бақылаушы мәртебесіне ие. Алдағы ШЫҰ саммитінде Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі болады деп күтілуде. Жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырады.