«Қарыз көлемі 297 млн»: Салық органдары Хабиб Нурмагомедовтың Ресейдегі есепшоттарын бұғаттады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Хабиб Нурмагомедов салық қарызы жайлы түсініктеме берген жоқ / Фото: Louis Grasse, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ресей Федералдық салық қызметі UFC-дің экс-чемпионы, Хабиб Нурмагомедовтың есепшоттарын бұғаттады. Шоттарды бұғаттаудың негізгі себебі атақты дағыстандық спортшының 300 миллион рубльға жуық қарызының болуы.

Бұған дейін ресейлік БАҚ Федералдық салық қызметі ресми қағаздардағы дұрыс емес мәліметтерге байланысты спортшының бірнеше фирмаларын жауып тастағаны туралы хабарлаған болатын.

«Салық органдары Хабиб Нурмагомедовтың шоттарын 297 миллион рубль (шамамен 1,6 миллиард теңге) қарызы үшін бұғаттады», – деп хабарлады Mash Telegram арнасы.

Мамыр айының басында Mash баслымы Ресейдегі ең бай спортшының Федералдық салық қызметіне 306 миллион рубль қарыз екенін жазған.

«Мансап жолын аяқтағаннан кейін, спортшы бірнеше ондаған фирмалар ашты. Спорттық тамақтануды сатудан бастап, Eagle FC промоушеніне және халықаралық мейрамханалар желісіне демеушілік көрсету қызметіне дейін болды. Кеңселер табысты болғанға дейін Хабиб бизнес иелерінің бірі ретінде тізімде болды, бірақ кейін ол туыстары мен достарын сол жерде қалдырып, құрылтайшылар құрамынын шықты. Бұл Федералдық салық қызметі тарапынан күмән тудырып, тексеруді бастады. Көп ұзамай Нурмагомедовтың бірнеше компаниясы жабылды», – деп хабарлайды Telegram арнасы дереккөздерге сілтеме жасап.

Хабиб Нурмагомедовтың өзі салық органдары алдындағы берешегі туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Айта кетейік, Хабиб Нурмагамедов кәсіби мансабында 29 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ол 2020 жылы кәсіби мансабын аяқтаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз