Нью-Йорк соты Храпуновтар мен Әблязовтен Қазақстанға қайтарылатын ақшаның сомасын бір апта ішінде қайта өзгертуі мүмкін. Бұл жайында Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
«26 маусымда Нью-Йорктің оңтүстік округі бойынша аудандық сотының 3 апталық сот тыңдауларынан кейін алқабилер Ильяс және Виктор Храпуновтарға, Мұхтар Әблязов пен Феликс Сатер және т. б. сыбайластарына қарсы әкімдіктен ұрлап әкеткен ақшаны жылыстату дерегі бойынша 32 млн АҚШ долларынан астам сома бойынша бірауыздан үкім шығарды. Бұл сома бір апта ішінде сот тарапынан түзетілуі мүмкін», – деді Талғат Уәли.
Министрлік өкілі аты шулы іске Әділет министрлігі бастамашылық еткенін атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, осы азаматтық сот ісін Әділет министрлігі Алматы қаласы әкімдігінің және «БТА Банкі» АҚ мүддесін қорғау үшін үшін 2019 жылы қозғаған болатын. Оған негізсіз баю, ақшалай қаражатты заңсыз иемдену және қылмыстық шығу тегі бар ақшаны алу сияқты фактілері негіз болды. И. Храпунов пен М.Аблязовтің жалған компаниясына қарсы басқа Flatotel сот процесі барысында осы факт анықталғаннан кейін бастамашылық жасады», – деді министрліктің ресми өкілі брифинг барысында.
Айта кетейік, АҚШ округтік соты Әблязов пен Храпунов сыбайластарына «БТА банктен» жылыстатылған қаражатты қайтаруға міндеттеді. Үш аптаға созылған сот процесінен кейін, Нью-Йорктің Оңтүстік округі бойынша АҚШ округтік соты алқабилері сот үкімін Алматы қаласы әкімдігінің (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі) және «БТА Банкі» АҚ үшеуінің пайдасына шешті. Феликс Сатерге, Bayrock Group, Inc., Global Habitat Solutions және MeM Energy Partners LLC-ге қатысты шағымдарды (мүлікті заңсыз иемдену, негізсіз баю және қаражат алу) мақұлдады.
Еске салсақ, Алматыны Виктор Храпунов басқарып тұрған кезде жекенің қолына өтіп кеткен жедел жәрдем кешені мемлекетке қайтарылды. Бұл нысанның жалпы құны – 3 млрд теңге. Сот шешімі заңды күшіне енген.
Алматы қаласының (1997-2004 жж.) және Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі (2004-2007) Виктор Храпуновты сот сырттай 17 жылға соттаған. Оның әйелі Лейла Храпунова мүлкі тәркіленіп, 14 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс еді. Храпуновтар шетелге қашып, 2021 жылы Швейцариядан саяси баспана алған.
Храпуновтар өздері құрған ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында мемлекет мүлкін жымқырды, алаяқтық жасады, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды, пара алды және ұрланған мүлікті заңдастырды деп айыпталған.