Елімізде педофилдерге химиялық кастрация тағайындайтын арнайы сараптама енгізіледі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Елімізде сот-сараптамасының «Сот-сексологиялық сараптама» деген жаңа түрі енгізіледі / Фото: архив kursiv.media

Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация тағайындайтын сараптама енгізіледі. Бұл жайында Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

Оның айтуынша, елімізде сот-сараптамасының «Сот-сексологиялық сараптама» деген жаңа түрі енгізілетін болады. Оған соңғы кездері сексуалдық сипаттағы қылмыстар санының артуы себеп болуда. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе де ескеріліп отыр.

«Әділет министрлігі зерттеудің жаңа түрі – «Сот-сексологиялық сараптаманы» енгізу жұмыстарын бастады. Бұл күдікке ілінген азаматқа құқық қорғау органдарының өтініші бойынша жүргізіледі. Сараптама кезінде ол азаматтың психологиялық портреті қалыптастырылады. Қарапайым тілмен айтқанда, сараптама тексерілушінің жыныстық/психосексуалдық дамуда қандай да бір ауытқулардың бар немесе жоқтығы қаралады. Педофилдерді анықтау, тексерілушіге «химиялық кастрация қажет пе жоқ па деген сұрақтар да қаралады», – дейді Талғат Уәли.

Талғат Уәлидің сөзінше, күдіктіден қандай да бір белгілер анықталған жағдайда соттың шешімімен оған химиялық кастрация жасау мәселесі қаралады.

«Осы жобаны іске асыру мақсатында Астана қаласының Сот сараптамалары ғылыми-практикалық орталығының 3 сот сарапшысы Беларусь Республикасында оқудан өтті. Қазіргі уақытта «Сот-сексологиялық сараптама» түрі бойынша әдістеме әзірленуде. Яғни бұл сараптама біздің көрші елдерде бар. Бұған дейін ондай қызмет бізде жоқ болатын. Нақты қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Әдістеме толық жазылып біткеннен кейін қосымша хабарлаймыз. Жалпы жыл аяғына дейін енгізу жоспарда бар», – деді ведомствоның баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, Қазақстандағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған AMAN Online стартапы іске қосылды. Бұл қосымшаның мақсаты – әйелдер мен балалардың өміріне қауіп төнген жағдайда оларды қорғауға бағытталған. Яғни қолданба тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, бейтаныс адамдардың шабуылынан, тонау сынды қауіп-қатерден қорғау үшін пайдаланылмақ.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Оған сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жасалған қылмыс үшін жаза қатайды.  

Сондай-ақ оқыңыз