ШЫҰ саммитіне қатысушылар қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қабылдауға шақырады – Тоқаев
Астанада өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысушылар әлемдік қауымдастықты қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қабылдауға, әділ экономикалық орта құруға және планетаның тазалығын қорғауға күш салуға шақырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
«Біздің пікірімізше, ШЫҰ әлемдік процестерден тыс қалмауы тиіс. Сондықтан да Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама лайықты бағаланып, барлық мүше мемлекеттердің қолдауына ие болғанына ризамын. Астанадағы саммитке қатысушылар халықаралық қауымдастықты адал және ашық жаһандық диалогты бастауға, қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қабылдауға, әділ экономикалық орта құруға және планетаның тазалығын қорғау үшін қажетті күш-жігерді жұмсауға шақырады», – деді Тоқаев саммит қарсаңында Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында.
Тоқаевтың айтуынша, ШЫҰ саммитінде Ұйымды одан әрі жетілдіру саласындағы стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде.
«Орта мерзімді кезеңге арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалып, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптер және уақтылы ден қою туралы бастамалар әзірленетін болады», – деді ол.
Президент 2024 жыл Қазақстанның бастамасымен ШЫҰ-да экология жылы болып жарияланғанын еске салды. Айтуынша, экология, табиғи аумақтарды қорғау, экотуризм, климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласында халықаралық құжаттар әзірленіп, қабылдану жоспарлануда.
Айта кетейік, ШЫҰ саммиті 3-4 шілдеде Астанада мүше мемлекеттердің, диалог бойынша бақылаушылар мен серіктестердің қатысуымен өтеді. Саммитке БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш қатысады. Қазіргі уақытта ШЫҰ-ға тоғыз мүше мемлекет кіреді – Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Ауғанстан, Беларуссия және Моңғолия бақылаушы мәртебесіне ие. Алдағы ШЫҰ саммитінде Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі болады деп күтілуде.
Бұған дейін Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мұндай қауіп-қатерлерге қарсы тұруды үнемі қаперде ұстауы қажет екендігін айтқан еді. Оның сөзінше, ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы негізінде терроризмді қаржыландыру көздерін бұғаттаумен қоса, есірткі қаупіне қарсы күресуде қабылданып жатқан шараларды күшейте түсу керек.