«Димаш Құдайберген және экономикалық ынтымақтастық»: Қытай басшысы Қазақстанға ресми сапары алдында не деді?
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапары мен ШЫҰ саммиті қарсаңында арнайы мақала жазды. Онда Қытай басшысы екіжақты сауданың дамуы, визасыз режимнің артықшылықтары туралы айтып, Қазақстанның тәуелсіздігін қолдауға уәде берді. Си Цзиньпиннің мақаласын «ҚазАқпарат» агенттігі жариялаған.
«Мен зор үміт артып отырған алдағы сапар жаңа Қазақстанның жетістіктері мен бүгінгі келбетіне сүйініп қарап, тамсануға ғана емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылап, ШЫҰ-ны әрі қарай дамытудың және қытай-қазақ қарым-қатынасының басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», – деп жазады Си Цзиньпин.
Экономикалық ынтымақтастық туралы
Қытай басшысы екі елдің экономикалық байланысы мен сауда-саттығының маңызы жоғары екенін атап өтеді. Қазіргі кезде Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып отыр.
Екі жақты сауда-саттықтың былтырғы көлемі рекордтық деңгейдегі 41 млрд АҚШ долларына жетті. Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып отыр және қазақстандық тауарлардың ірі импорттаушысы. Жаңатас ЖЭС-і, Тұрғысын ГЭС-і, сияқты стратегиялық тұрғыдан маңызды жобалар табысты іске қосылды. Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары мен күрделі жөндеу аяқталды. Қытай-Қазақстан мұнай-газ құбырлары қауіпсіз әрі тұрақты негізде жұмыс істеп тұр, ауылшаруашылығы өнімдерінің барлық түрін жеткізуге байланысты кедендік рәсімдерді жеделдететін жасыл дәліз құрылды. Қытайлықтардың дастарханында Қазақстанның сапасы жоғары, экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылығы өнімдері күн санап көбейіп келеді», — деді Қытай басшысы.
ҚХР төрағасының айтуынша, екі ел арасында жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды. Олардың ішінде жаңа қуат көздері, цифрлық экономика, жасанды интеллект, трансшекаралық электронды коммерция, авиация және ғарыш саласы бар.
Визасыз режим мен қытай-қазақ достығы туралы
Қытай басшысы өзара визасыз режим екі ел адамдарының бір-біріне, туыстарына жиі сапарлауына мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Екі арадағы сапарлардың саны былтыр 600 мыңнан, ал биыл алғашқы 3 айдың өзінде 200 мыңнан асты, жаңа рекорд тіркелетін түрі бар. Өңірлер арасындағы әріптестік те қарқын алып келеді. Әңгіме 26 бауырлас қаланың байланысы туралы болып отыр. Қытайлық науқастардың арасында зор құрмет пен беделге ие офтальмолог дәрігер С. Қабылбеков, сирек кездесетін «панда қаны» тобының доноры Руслан Төленов, Қытайда аса танымал әнші Димаш жаңа дәуірдегі Қытай-Қазақстан достығының елшілеріне айналды», – деді ол.
ҚХР төрағасы Бейжің мен Астананың тығыз ықпалдастығы мен қатерлерге қарсы бірге қабылдаған жауаптары халықаралық аренада өз жемісін беріп жатқанын айтады.
«Қытай мен Қазақстанның халықаралық және өңірлік істердегі ұстанымы ұқсас, ортақ, кешенді, бірлескен әрі орнықты қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыруды жақтайды. Екі ел де жер шарында бейбітшілік орнатуға, жаһандық ауқымда дамуға, әділетті әлемдік тәртіпке ұмтылады. Біз «Қытай-Орталық Азия» форматын құрып, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясында және өзге де көпжақты диалог алаңдарында тығыз ықпалдастықтамыз. Бір-біріміздің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі конструктивті бастамаларымызды белсенді қолдап, ортақ стратегиялық мүдделерімізді, қауіпсіздік пен даму мүдделерін батыл қорғап келеміз», – деді Қытай басшысы.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің алдында Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.