Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNPC Өріктауда өндірілген шикізатты Жаңажол мұнай-газ зауытында өңдеу мүмкіндігін қарастырып жатыр

CNPC
Өріктауда өндірілген мұнай Жаңажол зауытында өңделуі мүмкін / Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNPC Өріктауда өндірілген шикізатты Жаңажол мұнай-газ зауытында өңдеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы екі компания басшылығының кездесуі нәтижесінде белгілі болды.

 «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов CNPC Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен келіссөз жүргізген.

«Тараптар Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы бірлескен өндіру активтерінің қызметін, геологиялық барлау саласында ынтымақтастық перспективаларын және газды өндірісте одан әрі қолдану мүмкіндіктерін талқылаған.

«Қазақстанда газ жобаларын іске қосудың маңызын назарға ала отырып, тараптар Орталық Өріктау кен орнында өндірілген көмірсутек шикізатын Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде өңдеу мүмкіндіктерін зерттеп жатыр», – деп жазылған ҚМГ хабарламасында.

2015 жылы ашылған Шығыс Өріктау кен орны 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. 4,7 млн тонна мұнай қоры мен 2,5 млрд текше метр газ қоры бар. Кен орнында күкіртсутек мөлшері 3,5% және одан да көп. Сол себепті де бұл күрделі жоба саналады.

Сонымен бірге Шығыс Өріктауды іске қосу Орталық Өріктау кен орнын игеруге көмектеседі. Ал Орталық Өріктауда газ конденсатты кен орны және табиғи газдың едәуір қоры бар. Бұл жерден болашақта жылына 1 млрд текше метр көлемінде газ өндіру мүмкіндігі бар. Жобаға шамамен 51 млрд теңгеге инвестиция тартылған. 

Жаңажол газ өңдеу зауыты – «Ақтөбемұнайгаз» құрамындағы Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орнының газын өңдейтін кәсіпорын. Зауытта жалпылама біржылдық өнімділігі 5 млн тонна мұнай, 2,2 млрд текше метр газ дайындайтын үш технологиялық желі бар. Ал «Ақтөбемұнайгаздың» негізгі иегері – Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC).

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» мен қытайлық CNPC компаниясы Шымкент мұнай өңдеу зауытының 50 пайыз акциясына иелік етеді.