ШЫҰ саммиті кезінде Астананың орталық көшелеріндегі автотұрақтарға көлік қоюға тыйым салынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
көлік қоюға
Орталық көшелерге көлік қоюға болмайды. Фото: shutterstock

ШЫҰ саммитіне байланысты Астананың орталық көшелеріндегі автотұрақтарға көлік қоюға тыйым салынды. Мәңгілік ел даңғылы, Достық, Түркістан, Қонаев және Қабанбай батыр даңғылдарының бойындағы автотұрақтарды пайдалануға болмайды. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлайды.

Елордада 2-4 шілде аралығында ШЫҰ саммиті өтеді. Соған байланысты террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізілген. «Сары» деңгей енгізілген кезде жекелеген аумақтарда көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы шектеледі.

«Қаланың әкімшілік полиция басқармасы осыған байланысты «сары» деңгейдегі іс-қимыл кезеңінде тұрғындарға Мәңгілік ел даңғылы, Достық, Түркістан, Қонаев және Қабанбай батыр даңғылдарының бойында орналасқан тұрғын үй кешендерінің жанындағы автотұрақтарды пайдалануға тыйым салынады деп хабарлайды», -деп жазылған хабарламада.

Бұл ретте көліктерді аулалардың ішінде немесе жоғарыда белгіленген көшелерге параллельді/іргелес қоюға тыйым салынбайды. Сондай-ақ бұл күндері осы көшелер бойымен қоғамдық көлік те жүрмейді. Тұрғындарға»CTS» компаниясы балама маршруттар ұсынады.

Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террористік қауіптің «сары» деңгейі жарияланған болатын. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша ерекше күзетілетін тұлғалар өтетін жерде тәртіп күшейеді.

ШЫҰ саммиті өтіп жатқан кезде стратегиялық нысандар мен қоғамдық орындар қатаң қадағалауда болады. Елорда әуежайы мен темір жол бекеттерінде күшейтілген және тәулік бойғы жұмыс режимі енгізілмек. Астанада жол кептелісін болдырмау үшін мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің 70 пайызы 2-4 шілде аралығында қашықтан жұмыс форматына ауыстырылады. 3-4 шілдеде мектепке дейінгі мекемелер де жұмыс істемейді.

Айта кетейік, ШЫҰ саммиті Астанада мүше мемлекеттердің, диалог бойынша бақылаушылар мен серіктестердің қатысуымен өтеді. Саммитке БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш қатысады. Қазіргі уақытта ШЫҰ-ға тоғыз мүше мемлекет кіреді – Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Ауғанстан, Беларуссия және Моңғолия бақылаушы мәртебесіне ие. Алдағы ШЫҰ саммитінде Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі болады деп күтілуде

Сондай-ақ оқыңыз