Қазақстан Қытайға мұнай экспортын арттыруды жоспарлап отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан Қытайға
Қазақстан алдағы 10 жылда Қытайға жыл сайын 10 млн тонна ресейлік мұнайды тасымалдамақ / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстан Қытайға мұнай экспортын кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр деп хабарлады Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.

«Қазақстан мұнайына қатысты біз (Қытайға ред.) шамамен жылына 1 млн тонна тасымалдаймыз, бірақ бұл көлемді кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұған Қазақстан жағы да мүдделі. Сондықтан біз бұл сұранысты қанағаттандыруға тырысамыз», – деді ол Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі отырысында.

Энергетика вице-министрі Қазақстанда мұнай өндіретін қытайлық компаниялар Қытайға көбірек мұнай жеткізгісі келетінін айтады. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілетін мұнай бағасы экспорттық шикізат құнына қарағанда әлдеқайда төмен. Сондықтан барлық өндіруші компания ішкі нарыққа емес, экспортқа көбірек «қара алтын» тасымалдағысы келеді. Бұл ретте Энергетика министрлігі мұнай өнімдеріне барлық ішкі сұранысты қамтамасыз ету қажет деген ұстанымды қолдайды.

«Қытайлық әріптестеріміз мұнай тасымалдау көлемін арттыруды сұрап отыр. Мұның барлығы өндіру көлеміне байланысты болмақ. Демек ел мұнайды неғұрлым көп өндірсе, соғұрлым оны сыртқы нарыққа жеткізе аламыз. Әрине, ішкі сұранысты да естен шығармаған жөн», – деді спикер.

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі қытайлық компаниялармен мұнай жеткізу кестесін өзгерту мәселесін талқылап жатыр. Бұл Қазақстандағы мұнай өндірудің жалпы көлеміндегі экспорт үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Вице-министр Қазақстан алдағы 10 жылда Қытайға жыл сайын 10 млн тонна ресейлік мұнайды транзиттеу туралы келісімді мақұлдаған. Бұл Павлодар мұнай өңдеу зауытына 4 млн тонна ресейлік мұнайды жеткізуге мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі мен Қытайдың CNPC корпорациясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланған. Атап айтқанда, бұл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапары мен ШЫҰ саммиті қарсаңында арнайы мақала жазды. Онда Қытай басшысы екіжақты сауданың дамуы, визасыз режимнің артықшылықтары туралы айтып, Қазақстанның тәуелсіздігін қолдауға уәде берді. 

Қытай басшысы екі елдің экономикалық байланысы мен сауда-саттығының маңызы жоғары екенін атап өтеді. Қазіргі кезде Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз