Жаңалықтар

ТЖМ «ҚазТрансОйл» мен «ҚазАрмапром» кәсіпорнында 18 рет өнеркәсіп қауіпсіздігі бұзылғанын анықтады

Кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізіліп, анықталған қателіктерді жою мерзімдері талқыланды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «ҚазТрансОйл» АҚ-ы мен «КазАрмапром» ЖШС-нің қауіпті өндірістік объектілерінде профилактикалық бақылау жүргізді.

Шара өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау және қадағалауды күшейтуге бағытталған.

Бұл ретте аталған кәсіпорындардың негізгі қызметі:

  • «ҚазТрансОйл» АҚ магистральды құбырлармен мұнайды тасымалдау;
  • «ҚазАрмапром» ЖШС шойын құю, клапандар және вентельдер өндірісі.

«Профилактикалық бақылау барысында 23 объект тексеріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша 18 тармақтың бұзылғаны анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша акті және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», – деп хабарлады ТЖМ.

Кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізіліп, анықталған қателіктерді жою мерзімдері талқыланды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасы түсіндірілді. Оның ішінде: «Магистральдық құбырларды пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Қара, түсті, бағалы металдардың балқымаларын және осы металдардың негізінде алынатын қорытпаларды өндіру бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» бар.

Еске сала кетсек, «ҚазТрансОйл» АҚ – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың еншілес ұйымы. Қазақстанның мұнай құбыры инфрақұрылымындағы ірі кәсіпорын. ҚТО-ның негізгі акционері (90%) – «ҚазМұнайГаз». Қалған 10 пайызы жеке инвесторлардың қолында.

«ҚазАрмапром» ЖШС 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Ол шойын құю және бөлшек шығарумен айналысады. Кәсіпорын басшысы – Станислав Качало.