Жаңалықтар

Спанглиштен денглишке дейін: Хибрид тілдер дегеніміз не?

Хибрид тілдер дегеніміз не? / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Звондаймын», «комментарий жаз» сияқты бір қарағанда қазақшаланып кеткен, бірақ қазақша емес сөз бен тіркестерді қаншалықты жиі естіп, қолданасыз? Бұл біздің елдегі ғана өзекті мәселе емес, хибрид тілдер әлемнің түкпір-түкпірінде, әсіресе Еуропада көп таралып жатқан құбылыс.  

АҚШ-тағы латын америкалықтар қауымдастығы жақында зерттеу жүргізіп, сауалнамаға қатысқан америкалықтардың 75% испан тілін жақсы түсінетінін анықтаған,  дегенмен латын америкалықтардың небәрі 25% ғана ана тілін түсінген. Олар ана тілін жетік білмегені үшін көптің сынына жиі ұшырайтынын, сол үшін ұялатынын да мойындаған. Зерттеу жұмысы АҚШ аймағында испан тілінің қолданысы жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрсетті, бірақ одан бөлек аймақта пайда болған жаңа диалектті де атап өтті. Массачусетс колледжінің латын америка мен латын тілдерін зерттеу бойынша профессорының айтуынша, «Спанглиш» – яғни испан мен ағылшын тілдерінің қосындысы әлемде ең тез таралып, жедел дамып жатқан диалектілердің бірі. АҚШ-тағы латын америкалықтардың жартысынан көбі, нақты айтқанда 62 млн адам (63%) спанглишті қолданады. 

Спанглиштің өз алдына жеке тіл болып қалыптасуға мүмкіндігі зор. Тіпті диалекттің де диалекті пайда болып жатыр. АҚШ-тың кей аймақтарында «нуйорикан» деп аталатын пуэрто-рикалық испан тілі мен афроамерикалық ағылшын тілінің қосындысы қолданысқа еніп жүр. Бұл диалектті  көбіне  Нью-Йорктегі пуэрто-рикалықтардан естуге болады. Майамидегі кубалықтар «кубоникс» диалектінде сөйлейді. 

Хибрид тіл – қалыпты дүние және мәдени интеграцияның бөлшегі саналады. Бір қарағанда, АҚШ сияқты үлкен әрі түрлі ұлт бір ортада тоғысқан елде мұндай «қосындылардың» пайда болуы заңды да сияқты. Бірақ лингвистер хибрид тілдер Еуропада да кең таралып жатқанын айтады. Мәселен, бірнеше тілді ресми тіл деп мойындаған Бельгияда, диаспоралар көп Германияда әдеткі тілден ерекше диалектер естуіңіз ғажап емес. Түсініп отырғандарыңыздай, хибрид тілдің пайда болуына елдегі бірнеше тіл мен бірнеше мәдениеттің біте қайнасуы себеп болады. Лингвистикада «пиджин», «креол» деп аталатын түсінік бар. Бұл ғылымда мойындалған, толық зерттелген салалар. Пиджин мен креолдар кезінде Англия мен Франция сияқты алпауыт елдер билік жүргізген Африка құрлығындағы қалыпты тілдер. Бодан мемлекеттер өз тілдерімен қоса империялардың тілдерін қатар қолданып, нәтижесінде өздеріне ыңғайлы, адаптацияланған тілдер «жасап шығарады». Бірі грамматикасын иемденсе, бірі лексикасын алды. 

Бұл үрдістің қалыптасқаны кеше емес. Латын тілі қолданыста болған заманда Еуропадағы жергілікті халық өз тілдерімен қатар латын тілін араластырып қолданып, оны «макарон тілі» деп атаған. Латын тілі дін мен ғылымның негізгі тілі болса, ана тілін әдебиетте қолданған. Еуропада макарон тілдер әлі де бар, бірақ латынның орнын ағылшын ауыстырды. Сондықтан Еуропада «франгле» сияқты диалог естіп қалуыңыз мүмкін. 

«Франгле» немесе «франглиш» француз тілі мен ағылшын тілінің қосындысы. Францияның Француз тілін бақылау академиясының қызу жұмысына қарамастан халық көптеген англизмдерге үйренісіп кетті. Мәселен, академия электронды поштаны «имейл» емес, французша «курриэль» деуді ұсынса да, француздар ағылшын нұсқасына үйреніп алды. 

Неміс тілі (Deutsch) мен ағылшын қосындысы «денглиш» деп аталып, жиі сынға алынады. Германиядағы зиялы қауымның ойынша, бұл диалект ұлы неміс тіліне нұқсан келтіреді. Сондықтан кейбірі «денглишті» «сауатсыз неміс тілі» деп атайды. Ағылшынның неміс, француз сияқты тарихы бай, тамыры тереңде жатқан тілдерге әсер етуі технологияның дамуымен байланысты екені айтпаса белгілі. Өйткені интернет ресурстар да, технологиялар да, құрылғылар да негізгі тіл ретінде ағылшын тілін қолданады.